Су тасқынымен күрес қалай жүріп жатыр

Автор:  
Есімжан Нақтыбай

Су тасқынымен күрес қалай жүріп жатыр Фото: Бәйтерек ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

АСТАНА. ҚазАқпарат – Көктем шыға төтенше жағдай мамандарынан маза қашатын әдеті. Биыл әзірге бүкіл елдің назары Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облыстарына ауып отыр. Министр Юрий Ильиннің айтуынша, қос өңірде қазір жағдай біршама күрделі. Сала мамандары бұл облыстарда тасқын салдарымен белсенді күресіп жатыр. ҚазАқпарат тасқынмен күрес маусымы қалай басталғанына шолу жасап көрді.

Жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай

13 наурыз күні көктемгі тасқын салдарынан Орал қаласында табиғи сипаттағы, жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай режимі жарияланғаны хабарланды. Қала әкімдігінің мәліметі бойынша күн райының күрт жылынып, қардың күрт еруіне және жердегі тоңның қалың болуына байланысты Ысқырықтау, Сарытау шағынаудандары, Саратов тасжолы бойындағы каналдар мен Құс фабрикасындағы өткелде ағын су пайда болған. Мұнша мол суды қаладағы құбырлар өткізіп үлгермей қалған. Салдарынан Саратов тас жолы бойында орналасқан Мұрат Мөңкеұлы көшесі бойындағы 8 көпқабатты үйдің жертөлесін су басты.

Бұған дейін Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми сайтында Батыс Қазақстанда тасқын кезеңі басталғанға дейін қарсы шаралар ұйымдасырылып, бөгеттер бекемделгені, суағарлар аршылып, қар шығару жұмыстары жүргізілгені, өзеннің мұз кептелген бөліктерін аршу шаралары қабылданғаны туралы ақпараттар жарияланған болатын. Мамандар бұл шаралар өңірде гидрометеорологиялық жағдай ушықса, салдарын жеңілдетуге мүмкіндік беретінін айтқан.

Алайда, 9 наурыздың өзінде Ақжайық ауданына қарасты Чапаев ауылында 2 мыңнан аса тұрғын үй ауыз сусыз қалып, жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланған еді.

photo
Әлеуметтік желілерден алынған фото

14 наурыздағы дерек бойынша, Батыс Қазақстан облысында бір тәулік ішінде 25 мың текше метр су сорғытылып, тасқын қаупі жоғары аумақтарға 4 мыңнан астам құмқап төселген.

«Су тасқынына дайындық кезеңінде 15 мыңнан астам құмқап жиналып, тасқын басталған кезде төселді. Шамамен 300 мың текше метр су сорғытылып, 300 мың текше метрден астам қар шығарылды. 5 мыңнан астам ұңғы ойылып, 65 мың шаршы метр мұз кесу арқылы аршылды. Тасқын қаупі бар аймақта тұратын халық арасында қауіпсіздік шаралары туралы ақпараттық жаднамалар таратылды», - деп мәлім етті министрліктегілер.

Тасқын басталар тұста тұрғындарға SMS-хабарлама арқылы дабылды ескерту жолданған болатын. Оралдан кейін Шыңғырлау, Бөрлі, Бәйтерек аудандарында да жергілікті ауқымдағы, табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланды.

photo
Фото: gov.kz

Қазір бұл аумақтағы халықтан өтініш-шағым қабылдап, тасқын салдарын жою жұмыстарын ұйымдастыруға арналған республикалық және облыстық штабтар жұмыс істеп тұр. Ол штабтың құрамында «Казақавтожол» және «Қазсушар» мекемелерінің өкілдері де бар. Штабтарға 14 наурыздың өзінде ғана 109 қоңырау түскен.

Бәйтерек, Тасқала, Теректі, Қаратөбе, Шыңғырлау, Сырым, Бөрлі аудандарындағы өзен-көлдердің тасқын қаупі бар аумақтарында тәулік бойы мониторинг жүргізіліп отыр.

ТЖМ мәліметі бойынша, кейінгі бір аптада Батыс Қазақстандағы қар жамылғысының 60 пайызы еріген. Бұған ауа температурасының +12 болғаны әсер етсе керек. Соның салдарынан қар суы Бөрлі, Сырым, Теректі аудандарындағы 48 тұрғын үйге жайылған. Тасқыннан зардап шеккендер мен құрбан болғандар жоқ.

photo
Фото: gov.kz

Жалпы, осы кезеңде елді мекендерден 149 адам мен 300-ден астам мал қауіпсіз жерге көшірілген. Апаттан құтқару жұмыстарына ТЖМ, ІІМ, ҚМ және Атырау, Маңғыстау облыстарының құтқару қызметінің бөлімшелерінен 800-ден астам адам жұмылдырылып отыр. Жедел жұмыстарға 200 техника мен 100-ден астам су орғытатын құрал қолданылып жатыр.

14 наурызға қараған түнде Қаратөбе ауданының Қоржын ауылынан 16 адам, оның ішінде 6 бала және 2 жүкті әйел тікұшақпен қауіпсіз жерге жеткізілді.

Бүгінгі ахуал қандай?

«Жедел жұмыстың арқасында су басқан 6 үй толығымен сорғытылып, Сырым және Теректі аудандарының 30-ға жуық тұрғыны үйіне қайтып кірді. Қалған 33 адам уақытша эвакуация бекеттерін, тағы 206 адам туыстарының үйін паналап жүр. 280-нен астам мал қауіпсіз жерге айдалды», - деп хабарлады ТЖМ.

photo
Фото: t.me/qr_tjm

photoТек өткен тәулікте қауіпті учаскелерге 4 мың дана құмқап төселіп, 30 мың текше метрден астам су сорғытылды. Сондай-ақ, 12 учаскеде су бұру үшін арық қазылған.

Батыс Қазақстан облысында су тасқыны басталғаннан бері тәулік бойы жүргізіліп жатқан жұмыстар кезінде 340 мың текше метр су сорғытылып, 25 мыңнан астам құмқап төселген. Қазіргі таңда 54 үйдің аумағында су айдау және су бұру каналдары қалыптасқан.

Өткен тәулікте 70-тен астам құтқарушы Маштаков ауылының 80-ге жуық тұрғынын алдын ала қауіпсіз жерге көшірген.

Министр қос өңірдегі жағдайды баяндады

Кеше Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Батыс Қазақстан облысындағы жағдайды баяндады. Оның айтуынша, 14 наурыздағы жағдай бойынша қос өңірде 51 үйді су басқан. Оның 45-і – Батыс Қазақстан облысында болса, 6-ауы – Ақтөбе облысы аумағында. 240 адамның 20-дан астамы уақытша эвакуация пунктіне орналасты, қалғандары туыстарының үйіне кеткен.

photo
Фото: gov.kz

Ақтөбе облысындағы ахуал

11 наурызда Ақтөбе облысында 122 мал қауіпсіз аймаққа эвакуацияланды. Төтенше жағдайлар департаментінің 112 пультіне Темір ауданының Алтықарасу ауылдық округінен 6 километр жерде, Ойыл өзенінің ортасында бірнеше жылқы мен сиыр қалып қойғаны туралы хабарлама түскен. Құтқарушылардың жедел әрекетінің арқасында 12 жылқы мен 110 сиыр құтқарылып, қауіпсіз аймаққа эвакуацияланды.

Ал, 13 наурызда Ойыл ауданында жолды су шайды. Осы күні Қобда ауданында қардың қарқынды еруі және далалықта еріген қар суы салдарынан Қобда ауылында 15 үй, 28 аула аумағы, денешынықтыру-сауықтыру кешенінің ғимараты, бір кафе су астында қалды. Құрбан болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Сонымен қатар, 91 адам эвакуацияланды.

photo
Фото: gov.kz

14 наурыздың кешінде Қобда ауылында жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланды.

«Бүгінде облыс бойынша 317 мың текше метрден астам су сорғытылды. 26,1 шақырым арық тазартылып, 7 420 текше метр инертті материал жеткізіліп, 4 120 құмқап төселді (Байғанин, Ырғыз, Мәртөк, Мұғалжар, Ойыл, Темір және Шалқар аудандарында), ұзындығы 75 метр уақытша бөгет салынып, 50 метр ұзындықта жағалауды нығайту жұмыстары (Шалқар ауданы) атқарылды. Облыс бойынша елді мекендерден 524,9 мың текше метрден астам қар әкетілді. Қосымша 138 ассенизатор жұмылдырылды», - делінген ведомство мәліметінде.

Қазір Ақтөбе облысында 400-ден астам техника, 20 жедел бригада, 454 адам жұмылдырылған. Ресми мәлімет бойынша, облыста су алған көшелер жоқ. 2 учаске әкімдік бақылауында. Бұл аумақтардан су уақтылы сорғытылып жатыр.

Қобда ауданында үйлерін алған тұрғындармен кездескен облыс әкімі Ералы Тоғжанов арнайы комиссия құрылғанын айтты.

photo
«Ауданда комиссия құрылып, үйлер тексерілетін болады. Біз барлығына қолдау көрсетеміз, қаражат бөлеміз, мүмкіндігінше тез қалпына келтіреміз. Бұл жағдайға мұқият талдау жүргізіліп, су тасқынының қайталануына жол бермеу шаралары қабылданады», - деді Ералы Тоғжанов.

Өзге өңірлердің дайындығы қандай?

Қарағанды облысы тасқынның алдын алу бағытында қамданып жатыр. Елді мекендерден қар шығарылып, суағарлар тазартылды.

Бүгінгі мәлімет бойынша, облыс аумағының 75 пайызы әлі қар астында жатыр.

«Космомониторингтің мәліметінше, бүгінде облыс аумағының 75%-ы қар астында. Нұра өзенінің бассейні бойынша ылғал қорының көлемі орташа көпжылдық мәннен 28% жоғары, қалған өзендер нормадан 3-10% төмен. Облыстың ірі су қоймалары – Самарқан және Ынтымақтан шығыны 5-8 текше метр/сек санитариялық төгінділер жүргізіліп жатыр. Елді мекендерден 2,1 млн текше метр қар шығарылды», - деді ТЖД бастығы Мұрат Қатпанов.

110 км су бұру траншеялары салынды, 158 км каналдар мен арықтар тазартылды, 3 923 су өткізгіш құбыр мен 398 көпір тазартылды.

photo
Фото: gov.kz

Ал, Атырау облысындағы су тасқыны ықтимал 36 елді мекенде дайындық күшейтілген. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайдың алдын алу бөлімінің бастығы Асланбек Ғафиздің мәліметінше, облыста су басуы мүмкін 51 елді мекен анықталған. Қазір 15 елді мекенде қауіп сейілді. Ал, су басуы ықтимал 36 елді мекен аумағында алдын алу жұмыстары күшейтілді.

Павлодар облысында1 472 су өткізу имараты бар. Қазір сол нысандарға тұрақты мониторинг жүргізіліп отыр. Оның 199-ы теміржолда, 1 273-і автомобиль жолында (570 – республикалық, 201 – облыстық, 502 – аудандық маңыздағы) орналасқан.

photo
Фото: gov.kz

Қостанай облысындада, әсіресе оңтүстік бөліктегі елді мекендерде қар күрт еріп, су деңгейі көтерілуі мүмкін. Тасқын қатері 400 үйге төнуі мүмкін.

Ақмола облысында су басу қаупі бар 128 елді мекеннің 113-де қауіп сейілген. Ықтимал төтенше жағдайды жою мақсатында азаматтық қорғау органдары мен құралымдарынан 2 524 адам, 1 124 арнайы техника, 258 мотопомпа және 48 жүзу құралы, яғни күштер мен құралдар толық дайындыққа келтірілген.

Шығыс Қазақстанның Катон-Қарағай ауданында өзен бетіндегі мұзды жару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы, облыста су тасқыны жағдайы қиындап кетсе, жергілікті атқарушы органдар мен азаматтық қорғау қызметтерінің күштері жылдам әрекет етуге әзір. Барлығы 1 719 адам, 756 техника, 83 жүзу құралы және 224 мотопомпа дайын тұр. Сондай-ақ, қажет болған жағдайда ҚР ТЖМ № 68303 әскери бөлімінің күштері мен құралдары тартылады. Өңірде 50-ден астам ауылды су басу қаупі бар.

photo
Фото: t.me/qr_tjm

Қызылорда облысындаөткен аптада Сырдария өзені арнасынан асып, «Жалағаш-Жосалы» бағытындағы жол уақытша жабылған болатын. Жалпы, облыста су басу қаупі бар 29 учаске анықталған. Ондағы жағдайды бақылауда ұстау үшін арнайы техникасы бар 368 жауапты мекеме және 1 083 адам бекітілді. Сондай-ақ, су тасқынына қарсы іс-шараларды жүргізу үшін құрамында 1 933 адам, 535 техника, 68 су сорғытатын құралы бар азаматтық қорғаныс қызметінің күштері дайын тұр.

Маңғыстау облысында климаттық жағдайларға байланысты су тасқынының болу қаупі төмен. Жергілікті төтенше жағдай департаменті осындай мәлімет беріп отыр. Өңірді су басатындай жағдай болса, зардап шеккен адамдарға 900 жатын орын және жеткілікті түрде төсек жабдықтары беріледі.

Ал, Солтүстік Қазақстан облысындатасқын су кіруі мүмкін 166 үй есепке алынды.





Серіктестер жаңалықтары