Су тасқыны мерзімдерін белгілеу қажет - Қанат Бозымбаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Су тасқыны мерзімдерін белгілеу қажет. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«30 жылдан астам бақылау деректері бойынша су тасқыны мерзімдерін белгілеу қажет деп санаймын. Жазық өзендерде негізінен наурыз айының 3-ші онкүндігінен сәуір айының 3 онкүндігі аралығында су тасиды. Ақпан айында қар еру жағдайлары байқалған жоқ», - деді министр.

Оның дерегінше, топырақтың қату тереңдігі Ақмола облысында 105-тен 131 см-ге дейін, Қарағанды облысында 75-тен 130 см-ге дейін, Қостанай облысында 92-ден 140 см-ге дейін және Солтүстік Қазақстан облысында 103 см-ге дейін қалыңдықты құрайды.

Сонымен қатар, министр тау өзендеріндегі қар көлеміне қатысты деректермен бөлісті. Мәселен, Талас Алатауының солтүстік-батыс сілемдерінде қар көлемі нормадан 10 пайыз жоғары болса, Қаратау жотасының оңтүстік-батыс беткейінде нормадан 58 пайызға төмен болып отыр. Ал Алматы облысы бойынша Іле Алатауының солтүстік беткейінде қар көлемі нормадан 10 пайызға жоғары, Жетісу Алатауында нормадан 10, Іле Алатауының оңтүстік беткейінде және Кетмен жотасының солтүстік беткейінде нормадан 6 пайызға төмен.

«Бұқтырма су қоймасында және Шығыс Қазақстан облысы Шүлбі су қоймасына құйылатын аймақтарда қар көлемі нормадан 30 пайызға, Тарбағатай жотасының оңтүстік-батыс баурайында нормадан 36 жоғары, ал Ертістің сол жағалауында нормадан 6 пайызға жоғары. Жамбыл облысы Қаратау жотасының солтүстік-шығыс беткейінде және Қырғыз жотасының солтүстік беткейінде қар көлемі нормадан 40 пайыз аз. 2019 жылдың ақпан айында қар жиналу процесі жалғасуда», - деді ол.

Қ.Бозымбаевтың айтуынша, Сырдария, Шу, Талас, Жайық, Ертіс және Іле трансшекаралық өзендерінің 75-95 пайызы ағысы көрші мемлекеттердің су қоймаларында қалыптасып, реттеледі.

«Осыны ескеріп ағын көлемі мен су қоймаларының жұмыс режимі биыл наурыздан мамырға дейін Мемлекетаралық бірлескен комиссияда су ресурстарын басқару саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдардың келісімімен анықталып, бекітіледі», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар