Су тасқыны кезінде Ақтөбеде 77 үй құлап қалды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде өзендер тасып, барлығы 77 үй құлап қалды. Су тасқыны кезінде 20 адам ауруханаға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Ақтөбе қаласындағы Қарғалы, Сазды, Ақтөбе су қоймалары лық толып, Елек, Қарғалы, Жіңішке өзендері арнасынан тасыған кезде 2 мыңға жуық адам далада қалған болатын. Қала ішінде барлығы 9 мектепте уақытша бекет ашылып, 800-ге жуық адам білім ордасын паналады. Ал бүгін қалалық әкімдіктің әлеуметтік комиссиясы олардың бәрі пәтерлерге, туған-туыстарына жіберілгенін мәлімдеді.



«Үйі су астында қалғандар жерде жатпасын деп облыстық денсаулық сақтау басқармасы кереуеттермен қамтамасыз етті. Еріктілер өте жақсы жұмыс істеді. Осы уақыт аралығында үш бала өмірге келді. Олардың біреуі перзентханадан шықты. Ал 10 бала «Ақбөбек» сауықтыру орталығына, 20 адам қаладағы емдеу орындарына жатқызылды. Кейбірінің қан қысымы көтеріліп, жүрегі ауырды. Жұқпалы ауруға шалдыққандар да бар екен»,- деді қалалық мәслихат хатшысы Сұлупан Шынтасова.



Су тасқыны кезінде барлығы 785 адам, яғни, 177 отбасы мектептерге жатқызылды. Ал 819 адам туған-туысы мен достарын паналады.

«Қалада шығынды есептеу үшін 7 мобильді топ жұмыс істеп жатыр. Олардың жанында тәуелсіз бағалаушылар бар. Барлығы 77 үй құлады. Оны қайта қалпына келтіру мүмкін емес. Үйдің тең жартысы құлап тұрған жағдайлар да кезікті. Көбі Қисықкөл мен Махамбетовка ауылында. Үйлер саман кірпіштен салынған. Шынын айтқанда, тұрмыстық техниканың бәрі су ішінде қалған. Атқарушы орган ең болмағанда тоңазытқыш, газ плитасы секілді аса қажет техниканы сатып алып беруді жоспарлап отыр. Баспанасыз қалғандардың 30 пайызы сол аумақтарды пәтер жалдап жүргендер»,- деді С.Шынтасова.



Айта кетейік, арнайы құрылған «Қолғанат Ақтөбе» қорына бір апта ішінде 11 миллион теңгеден астам қаржы түсті. Бұған дейін хабарлағанымыздай, мектептерге уақытша қоныстанған 110 отбасының әрқайсысына 30 мың теңге берілді. Қазір қордың қаржысы 3 миллион теңгеге азайып қалды.

Соңғы жаңалықтар