Су тасқыны қаупі артта қалды - ТЖК

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер су тасқынына қатысты жағдайдың тұрақталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан бойынша су тасқынының қауіпті кезеңі артта қалды. Бүгінде барлық өзендерде су деңгейінің төмендеп жатқаны байқалады. Атап айтқанда, Ақмола облысындағы Жабай өзенінде су деңгейі 2 метр 30 сантиметрді құрап отыр. Бір тәуліктің ішінде су 50 саниметрге төмендеді. Атбасар қаласына қауіп төніп тұрған жоқ. Астрахан ауданындағы Колутон өзенінің деңгейі де төмендеп келеді», - деді В.Беккер елордада өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, Ертіс өзеніндегі мұз кептелісі де Павлодар облысы арқылы өтіп барады. Ресей Федерациясының шекарасына дейін 30 шақырымдай қалды.

«Шүлбі қоймасынан жіберілетін судың көлемі сол қалпы секундына 1 296 текше метрді құрап отыр. Одан Ертістің деңгейі көтерілген жоқ. Ал Шығыс Қазақстан облысының Бесқарай ауылында үш жеке үйді су басты. Негізі, ол үйлердің тұрғындарын мүлдем басқа жерге көшірген дұрыс. Себебі, аталған проблема жыл сайын қайталана береді. Олар жер асты сулары көтерілетін жерде тұрады. Сондықтан, қазір суды сорса да, басқа жерге айдаса да, нәтиже болмайды. Бәрібір судың кеткенін күту керек», - деп атап көрсетті В.Беккер.

Солтүстік Қазақстан облысында Есіл өзені арқылы Сергеев су қоймасына келетін судың көлемі де азайып келеді. Күні кеше қоймаға секундына 778 текше метр су келсе, бір тәуліктің ішінде аталған көрсеткіш 328 текше метрге дейін түсті. Есіл өзені бойымен орналасқан ауылдарды су басқан жоқ.

«Дегенмен, әлі де бір аптадай Ақмола, Шығыс Қазақстан, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарын бақылауда ұстайтын боламыз», - дейді В.Беккер.

Айта кетейік, бүгінгі брифингте комитет төрағасы Қосшыдағы ауыз су мәселесін шұғыл шешу мүмкін емес екенін мәлімдеді. Бұдан бөлек, судың қоршауында қалған ауылдың жағдайы туралы айтып берді.

Соңғы жаңалықтар