Су тасқыны болжамдары ай сайын жүргізіледі - Қанат Бозымбаев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бұдан былай республикадағы су тасқыны болжамдары ай сайын жүргізіледі және көктемгі тасқын кезіндегі болжамдар әр 10 күн сайын нақтыланып отырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Мәжіліс депутаты Құралай Каракен ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаевқа "Қазгидромет" РММ қызмет сапасы туралы сауал жолдады.

"Соңғы 5 жылда Қазгидромет гидрометеорологиялық қызметінің дамуы мен жаңғыртылуына қаржы бөлінбеді. Бүгінде радиостанциядағы метеобақылау қысқартылған бағдарлама бойынша жүргізіледі. Салдарынан дауылдық ескертулердің дәлдігі 2015 жылы 90 пайыз болса, 2017 жылы 75 пайызды көрсеткен, яғни 15 пайызға азайған. Ал дауылдық белгілерді болжаудың минималды уақыты 12 сағаттан 6 сағатқа қысқарған".

Мәжіліс депутаты отандық гидрометеорологиялық қызметті дамыту мен жаңғырту мәселесі өзекті екенін баса айтты.

"Сәуір айында ТЖ комитетінің өкілі су тасқыны жағдайының апатты салдарына жауын-шашын мен қар мөлшері бойынша дұрыс дерек бермеген Қазгидрометті кінәлады. Еліміздегі метеорологиялық жағдайды ескерсек, отандық гидрометеорологиялық қызметті дамыту мен жаңғырту мәселесі өзекті болып отыр. Осы орайда Қазгидрометті қаржыландыру аса маңызды. Қазгидрометті заманауи технологиялармен жабдықтау бойынша Үкіметтің қандай жоспары бар? Үш жылдық бюджетте де бұған қаржы қарастырылмаған", - деді Құралай Каракен ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында.

Сұраққа жауап берген ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Қазгидромет қызметінің барлық мемлекеттік қызмет үшін аса маңызды екенін жеткізді.

"Келесі жылдан бастап, Қазгидромет өз гидрологиялық болжамдарын айтарлықтай жақсартады деген ойдамыз. Ол үшін гидрологиялық болжамның қазіргі әдістемесін жетілдіреміз. Дамыған елдерде кеңінен қолданылатын гидрологиялық болжамның сандық моделін қолданатын боламыз", - деді министр.

Сонымен бірге, министрлік 2018 жылдан бастап ІІМ ТЖ комитетімен бірге қар көп жиналатын ормандар мен жыраларды, өзен бассейндерін аралап шығу және көктемгі жайылма суды бақылау үшін жерді қашықтықтан зондтайтын спутниктерді қолдануды жоспарлап отыр.

Одан бөлек, министр су тасқындарын үш ай сайын болжайтын советтік әдістен арылу қажеттігін айтты. Бұдан былай, болжамдар әр ай сайын жүргізіледі және су тасқыны кезіндегі болжамдар әр 10 күн сайын нақтыланып отырады.

"Иә, шынында да Қазгидромет РММ құралдары ескірді. Биыл Қазгидромет қызметін жетілдіру бойынша құны 17,5 млрд теңгені құрайтын кешенді бағдарлама жасап шығардық. Оның 11,5 млрд теңгесін республикалық бюджет есебінен, қалған 5 миллиардтан астам теңгені кәсіпорынның өз қаражатынан тартқымыз келеді. Бес жылға арналған бұл бағдарлама Қазгидромет құралдарын жаңартуға және дауылдық болжамдардың айтарлықтай нақтылана түсуіне мүмкіндік береді", - деді Қанат Бозымбаев.

Соңғы жаңалықтар