Су тапшылығы: Экология министрі егіс алқаптарының ұлғаюына кейістік танытты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Түркістан облысының әкімдігіне су көп жұмсалатын дақылдарды азайту ұсынысы жіберілді. Бұл туралы Үкімет отырысында Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Түркістан облысы бойынша сәуір айынан бастап Шардара су қоймасына су аз келіп жатыр. Биылдың 1 сәуірі мен 30 маусымы аралығында Шардара су қоймасына 2,23 млрд текше метр су келуі тиіс еді. Бірақ іс жүзінде 1,291 млрд текше метр (58%) су түсті. Осы мәселені Өзбекстан жағымен қосымша қарастырамыз», - деді З. Сүлейменова.

Оның айтуынша, Қазгидромет пен Узгидрометтің болжамы бойынша вегетациялық кезеңге Сырдария бассейні өзендерінің су деңгейі нормадан төмен деп ескерілген. Осыған байланысты Бассейндік инспекция Сырдария өзенінен егіс алқаптарына су пайдалану лимиті қысқартылды.

«Түркістан облысының әкімдігіне су көп жұмсалатын дақылдарды қысқартуды, сондай-ақ Мақтаарал және Жетісай аудандарында күріш екпеу туралы ұсыныс берілді. Осыған қарамастан, биыл Түркістан облысы бойынша күріш егу алаңы 2022 жылмен салыстырғанда 2,35 мың гектарға, яғни 1,5 мың гектардан 3,853 мың гектарға дейін ұлғайтылды. Бұл ретте, Жетісай ауданында күріш алқабы 5,5 есе, Мақтаарал ауданында 15 есеге ұлғайды. Сонымен қатар мақта егістігі бастапқыда жоспарланғаннан 5,29 мың гектарға, яғни 79,7 мың гектардан 84,990 мың гектарға дейін ұлғайтылды», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар