Су ресурстарын үнемді пайдалану инновациялық технологияларды енгізуге негізделуі тиіс- Арман Құмашев

None
None
АНА. 10 мамыр. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап елімізде су ресурстарын тиімді пайдалану мен ауызсу мәселісі жиі көтеріліп жүр.

Атап айтқанда бұл бағытта ұзақ мерзімді бағдарламалар да әзірленіп, жүзге асырылды. Соған қарамастан бүгінде ауызсу мәселесі республикамызда толық шешімін тапқан жоқ. Сондықтан да әлеуметтік маңызы зор бұл мәселені шешу үшін халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге бағытталған «Ақ бұлақ» бағдарламасы әзірленіп, құзырлы органдар оны жүзеге асыруға кірісіп кетті. Осы орайда Қазақстандағы су шаруашылығы ахуалынан толық мәлімет алу үшін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Арман Құмашевтен сұхбат алудың сәті түскен еді.

- Арман Азатұлы, соңғы жылдары ғалымдар ауызсудың тапшылығына байланысты мәселені жиі көтеріп жүр. 2025 жылға қарай судың тапшығы болып, күрделі ахуал қалыптасады деген зерттемелік пікірлер қаншалықты шындыққа сайкес келеді?

- Су - жер бетіндегі өмірдің көзі ретінде маңызды табиғи және стратегиялық ресурс болып табылады. Соңғы онжылдықта бүкіл әлемде су ресурстарының ахуалы бойынша алаңдаушылық артып келеді. Себебі, халық саны ұлғайып барады, сондай-ақ өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Бұл өз кезегінде суды пайдаланудың көлемін арттырып отыр. БҰҰ мәліметі бойынша әлемде жылына ауызсудың тапшылығы 230 млрд. текше метр мөлшерінде бағалануда. Мамандардың болжамына сүйенсек, 2025 жылға қарай судың жетіспеушілігі 1,3-2 трлн. текше метрге дейін жетуі мүмкін. Есептеулер бойынша бұл кезеңде ауызсудың тапшылығын жер бетіндегі халықтың үштен екі бөлігі сезінеді. Сондықтан да БҰҰ Бас Ассаамблеясының шешімімен 2005-2015 жылдар «Су - тіршілікке арналған» атты халықаралық іс-қимылдар онжылдығы болып бекерден-бекер жарияланған жоқ. БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарында: «Онжылдықтағы мақсат - барлық деңгейдегі су ресурстарына байланысты іске асырылып жатқан бағдарламалар мен жобалар бойынша шараларға және проблемаларға баса назар аударуға негізделген», - деп атап өтілген.

- Ал Қазақстандағы су тапшылығының болжамы қандай?. Сонымен қатар халқымызды ауызсумен, ал экономиканың салаларын су ресурстарымен толықтай қамтамасыз етудің нақты жоспарлары бар ма?

- Қазақстан аумағы ТМД-ның еуропалық және сібірлік бөліктеріндегі республикалармен салыстарғанда су ресурстарына біршама жұтаңдау. Ауызсу тапшылығы бізде экологиялық және экономикалық проблема болып табылады. Мәселен халық пайдаланатын ауызсудың көзі ретінде табиғи су қоймалары, өзендер мен көлдер қарастырылады. Осылардан су жинақталады және ол тазартылып, кейіннен таза су ретінде пайдаланылады. Сіз айтқан мәселелерді шешу үшін су қоймалары мен суды тазарту жабдықтарынан бастап сумен қамтамасыз ететін нысандарға дейінгі құрылыс нысандары, яғни бірнеше шақырымға созылған су құбырлары салынады. Осы орайда айта кетерлігі, өткен ғасырда салынған су құбырлары жүйесінің және ауызсумен қамтамасыз ету нысандарының бүгінде 60 пайызының тозығы жеткен. Бұның салдарынан құбырлардың жиі жарылуы, жеткізілетін су сапасының төмендігі орын алып жатады. Кейде судың сапасы санитарлық талаптарға сай келмейтін жағдайлар да кездесіп отырады. Бүгінде ауызсумен қамтамасыз ету секторын сауықтыруға ауқымды қаржы қажет. Жалпы алғанда таза су саласында қордаланған проблемалар баршылық. Жаңадан әзірленіп, жүзеге асырыла бастаған «Ақ бұлақ» атты салалық жаңа бағдарлама осы мәселелерді шешеді деген ойдамыз.

Өзендер мен көлдердің суын біздің барша индустрия мен экономиканың барлық саласы пайдаланады. Суды пайдаланудың нақты көрсеткіштеріне сүйенетін болсақ, 2010 жылы жинақталған судың 75 пайызы ауыл шаруышылығына, 3 млрд. 968 млн. теше метрі өнерсәсіптік қажеттіліктерге, 2 млрд. 189 млн. текше метрі коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге бөлінді.

Сонымен бірге еліміздің географиялық орналасуын ескеруіміз керек. Қазақстан ірі трансшекаралық өзендердің төменгі ағысында орналасқан. Сондықтан да мемлекетіміздің сумен қамтамасыз етілуі көбінесе көршілес елдердің су шаруашылығындағы ұстанымына, олардың экономикасының дамуына, халық санының өсіміне байланысты.

Сумен қамтасыз етуді салыстырмалы түрде қарастырсақ, Қазақстан аумағында 39 мың өзендер мен уақытша су ағындары, су айдынының жалпы ауданы 45 мың шаршы шақырымды құрайтын 48 мыңға жуық көлдер бар. Республиканың оңтүстігі мен шығысында 95 текше шақырым судың қоры жинақталған мұздықтардың белдеуі бар. Бұл өз кезегінде еліміздің барлық өзендерінің ағынының жылдық көлеміне теңбе-тең келеді. Осының барлығын есептей келгенде Қазақстанның сумен қамтамасыз етілуі 1 шаршы метр шақырымға 37 мың текше метрді құрайды, сондай-ақ жылына бір адамға 6,0 текше метрден келеді. Су аз болған жылдары сумен қамтамасыз етудің деңгейі қажетті көлемнің 60 пайызын, ал бөлек өңірлер бойынша 5-10 пайызды құрайды.

- Еліміздің сумен қамтамасыз етілуі айтарлықтай өзекті мәселе екен. Бұл тұрғыда су ресурсының бөлек секторларды дамытумен қатар, барша экономиканының өсіміне және де халықтың өмір сүру сапасына әсері мол болатыны белгілі. Сондықтан осы су ресурстарын сақтап қалуға және арттыра түсу үшін қандай шаралар атқарылып жатыр?

- Біріншіден су ресурстарын үнемдеп әрі тиімді пайдалану кез келген мемлекеттің су шаруашылығы кешеніндегі басымдықты бағыт. Елбасы Н. Назарбаев Шетелдік инвесторлар кеңесінің 18-ші пленарлық отырысында «суды, шикізатты, энергияны үнемдеу біздің діліміздің, өндірістік-тұрмыстық мәденитіміздің элементі болуы шарт» деп айтқан болатын. Коммуналдық және өнеркәсіптік кәсіпорындардың суды үнемдеп пайдаланудың ынтасы ретінде сараланған тарифті енгізуді айтуға болады. Әлемдік тәжірибеде үш деңгейдегі сараланған тарифті пайдалану кең тараған. Қазақстанда пайдаланудың көлемі бойынша сараланған тарифтерді енгізу екі және үш деңгейлі жүйені қарастырады. Тарифті қалыптастырудың осындай саясаты су ресурстарын үнемдеуді қамтамасыз етеді, сондай-ақ ол суды тұтынушылар үшін тиімді, осы орайда олар өздерінің шығындарын айтарлықтай қысқарта алады.

Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің мәліметі бойынша сараланған тарифтерді енгізу нәтижесінде суды үнемдеу 10 пайызға жетеді екен. Тарифтің осы түрін Қазақстан аумағында енгізу жұмыстары толғымен 2013 жылға қарай аяқталуы тиіс. Өнеркәсіптік кәсіпорындардың су ресурстарын үнемді пайдалануы инновациялық технологияларды енгізуге негізделуі тиіс. Осының нәтижесінде өнімді шығару өндірісінде су аз жұмсалатын болады.

Екіншіден, су өткізу жүйелерінің тозуы салдарынан оны тасымалдау кезінде судың жоғалуы көлемі 21 пайызға дейін, ал кейбір есептеулер бойынша тұтыну деңгейінен 40 пайызға дейін жоғалады.

Үшіншіден, Қазақстанда экономиканың барлық салаларына жұмсалатын судың 75 пайызы суармалы егістердің үлесінде. Яғни, бұл су ресурстарын үнемді әрі тиімді пайдалану шараларын іске асыру кезінде баса екпін қоятын сала ретінде қарастырылады. Бүгінде егін шаруашылығында барлық фермерлер ресурс үнемдегіш технологияларды пайдалану туралы біледі. Ендігі мәселе, осы технологияларды пайдалана отырып егістерді суару жұмыстарына ұйымдасқан түрде көшуде тұр.

Бүгінде әлемде бұл тұрғыда көптеген мысалдар бар. Мәселен, Израиль мемлекетінде су ресурстарының көлемі аз бола тұра олар онжылдықта бұл тәжірибені енгізіп, қазіргі кезде өсімдік шаруашылығын 5-6 есеге арттырды. Осы мемлекеттің тәжирибесі бойынша біздің елге тамшылап суару технологиялары енгізілді. Өткен ғасырдың 70-ші жылдары бұл әдіс табысты түрде енгізіліп, оң нәтижелер бере бастады. Осының арқасында түрлі дақылдардың жоғары шығымдылығы мен суды үнемдеудің жетістіктері байқалды.

Осы тәжирибені пайдалану кезінде су қалай үнемделетініне тоқталатын болсақ, су негізінен өсімдіктің тамыр бойы аумағын ғана ылғандандырады. Осыған байланысты егістіктегі өсімдік қатарларына су жіберілмейді және бұл өз кезегінде суды бекерден ысырап қылмауды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар бұл технология арқылы өсімдікке үнемді түрде тыңайтқыштарды да себуге болады. Бұндай жұмыстардың барлығы автоматтандырылған, сондай-ақ өсімдіктің өсуіне қажетті заттар тиісті көлемде себіледі. Осындай тура өлшемдер егістіктің шығымдылығына оң ықпал жасайтыны күмәнсіз. Республика экономикасының барлық салаларында суды үнемдеудің жаңа технологияларын, су шаруашылығында өнеркәсіптік үдеріс бойынша басқарудың автоматтандырылған жүйесін, су ресурстарын тиімді пайдалану мен қорғау тұрғысында мемлекеттік саясатты жаппай енгізу Қазақстанның болашақ ұрпағына су ресурстарын сақтап қалуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар бұл саланы бұдан ары қарай дамыту аясында суды жинау үшін қажетті көлемде қосымша тиісті нысандардың, су тапшылығы бар өңірлерге су ресурстарын жіберуге негізделген нысандардың құрылысын іске асыру, сондай-ақ Қазақстанның жерасты суларының әлеуетін зерттеу біздің қазіргі кездегі су ресурстарының әлеуетін пайдалану бойынша мүмкіндіктерімізді арттырады.

Соңғы жаңалықтар