Су ресурстарын цифрландыру оны үнемді пайдалануға алып келеді – сарапшы Президент тапсырмасы жайында

None
Фото: instagram.com/kznfmka
АСТАНА. ҚазАқпарат – Су ресурстарын цифрландыру оны үнемді әрі тиімді пайдалануға алып келеді. Мұндай пікірді Кибершабуылдарды тергеу және сараптау орталығының басшысы Олжас Сәтиев білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Басты артықшылығы бұл ашықтық, адами фактордың аздығынан жүйенің тиімді жұмыс істеуі. Яғни, адами факторлар мен адами қателіктер жойылады. Жүйе үлкен деректерді сараптап, барлық көрсеткіштерді қадағалап отырады және соның негізінде шешім қабылдайды. Мәселен, су ресурстарын цифрландыру – бұл деректері құрылымдау. Ал бұл су ресурстарын үнемді әрі тиімді пайдалануға алып келеді», - деді сарапшы ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Сонымен қатар ол елімізде цифрландыру қарқынды өсім көрсетіп отырғанына назар аудартты.

«Бізде ең үздік электронды үкіметтің бірі. Дегенмен, киберқауіпсіздікті де қаперден шығаруға болмайды. Өйткені, хакерлік топтар, алаяқтар бар. Егер олар барлық цифрландыруды басқару жүйесіне кіру мүмкіндігін алатын болса, онда бізді блэкаут күтуі мүмкін. Мәселен, бізде ақпараттық жүйелердегі осал тұстарды анықтау жөніндегі ұлттық бағдарлама бар. Тәуелсіз зерттеушілер бірнеше жыл бұрын Астана қаласын сумен жабдықтау жүйесін басқару бойынша есеп тапсырды. Электронды үкіметтің де осал тұстары анықталды. Бұл екі ұшы бар таяқ – ыңғайлылық және қауіпсіздік. Сондықтан да цифрландыру арқылы азаматтарға ыңғайлы сервис ұсынуымыз қажеттігін айтқан кезде сол деректердің қорғалуын да ойластыруымыз керек», - деді Олжас Сәтиев.

Естеріңізге сала кетсек, VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сумен жабдықтау нысандарын және барлық су саласын цифрландыру зор маңызға ие екендігін атап өткен еді.

Сонымен қатар суару арналарын жаппай жаңғырту, гидиротехникалық құрылыстарды дербес басқаруға көшу, су ресурстарын пайдалануға квота енгізу, суды есепке алуды автоматтандыру керектігін тоқталған болатын.

«Бұл мәселелердің барлығы сапалы нормативтік-құқықтық және заңнамалық қамтамасыз етуді талап етеді»,- деген еді Президент.


Соңғы жаңалықтар