Су ресурстарын басқарудың жеке мемлекеттік органы құрылмайды - Үкімет

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов су шаруашылығы саясатын жетілдіруге және жеке мемлекеттік орган құруға қатысты сенаторлардың депутаттық сауалына жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта жаңа Су кодексі әзірленіп жатыр, онда елдің су ресурстары әлеуетін сақтау үшін су ресурстарын ластанудан және сарқылудан қорғау негізгі нормалармен айқындалатын болады. Бұл ретте жаңа кодексте су ресурстарын, сондай-ақ гидротехникалық құрылыстарды басқаруға және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты құқықтық қатынастарды жеке нормативтік құқықтық актіге бөліп шектеу жоспарланып отыр», - делінген Үкімет басшысының жауабында.

Мәлім еткеніндей, су қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар пакеті әзірленді. Оған трансшекаралық өзендер бойынша келіссөздер процесінде Қазақстанның позициясын күшейту, уәкілетті органның, сондай-ақ оның ведомстволық бағынысты және ғылыми ұйымдарының кадрлық әлеуетін арттыру мәселелері кірді.

«Оны Үкімет пен Президент Әкімшілігі қарайтын болады. Бұдан бөлек, қазіргі уақытта су ресурстарын басқару жөніндегі жеке мемлекеттік орган құру жоспарланбағанын атап өтеміз», - деді Ә. Смайылов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2023 жылы жаңа Су кодексінің жобасы Парламентке енгізіледі.

Биыл ақпан айында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке климаттың өзгеруі мен шекаралас елдердің саясатын ескеретін жаңа Су кодексін әзірлеуді тапсырды.


Соңғы жаңалықтар