Елімізде су ресурстарын басқару жөніндегі жеке мемлекеттік орган құрылмайды
2022 жылғы 20 мамыр 12:53

Елімізде су ресурстарын басқару жөніндегі жеке мемлекеттік орган құрылмайды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде су ресурстарын басқару жөніндегі жеке мемлекеттік орган құру жоспарланбаған. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта жаңа Су кодексін әзірлеу жұмыстары жүріп жатыр. Онда елдің су ресурстары әлеуетін сақтау үшін оны ластанудан және сарқылудан қорғау негізгі нормалармен айқындалатын болады. Бұл ретте жаңа кодексте су ресурстарын, сондай-ақ гидротехникалық құрылыстарды басқаруға және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты құқықтық қатынастарды жеке нормативтік-құқықтық актіге бөліп шектеу жоспарлануда», - деп атап өтеді Үкімет басшысы жауабында.

Бұдан басқа Премьер-Министрдің дерегінше, су қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар пакеті әзірленген. Оған трансшекаралық өзендер бойынша келіссөздер процесінде Қазақстанның позициясын күшейту, уәкілетті органның, сондай-ақ оның ведомстволық бағынысты және ғылыми ұйымдарының кадрлық әлеуетін арттыру мәселелері кірді.

«Қазіргі уақытта оны Үкімет пен Президент Әкімшілігі қарайды. Сонымен қатар, қазіргі уақытта су ресурстарын басқару жөніндегі жеке мемлекеттік орган құру жоспарланбағанын атап өтеміз», - деді Әлихан Смайылов.

Jańalyqtar

MURAǴAT