Су мен жол проблемасы, үш ауысымды мектептер, киік санын реттеу: БҚО әкімімен сұхбат

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысының тыныс-тіршілігінде қандай басым бағыттарға көңіл бөлініп отыр? Алда нендей міндеттер тұр? ҚазАқпарат тілшісі осы сауалдар төңірегінде Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевпен сұхбат құрды.

- Нариман Төреғалиұлы, 1 қыркүйек күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты өзінің кезекті Жолдауын жария етті. Соған байланысты алдымен өзіңіздің пікіріңізді білдірсеңіз?

- Мемлекет басшысының кешегі халыққа жариялаған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында алдағы уақыттағы жұмыстардың бағдары мен басым бағыттары белгіленді.

Президент Жолдауындағы басты қағидат әділдік, инклюзивтілік және үнемшілдікке бағытталған экономикалық саясаттың тиімді тетіктері арқылы халықтың тұрмыс сапасын жақсарту деп білемін.

Осылайша, Жолдауда ұсынылған ауқымды экономикалық жаңғыру жұмыстары бүгінгі күн тәртібінде тұрған өзекті де өткір мәселелердің шешімін табуға арналып отыр.

Жолдауда айтылған тіршілік көзі – судың сапасы мен халыққа қолжетімділігіне қатысты тұжырым өңірлерде проблемалы мәселе екендігі белгілі. Соның ішінде, негізгі су көздері Ресей Федерациясынан келетін трансшекаралық Жайық, Қараөзен мен Сарыөзендерге тәуелді өңіріміз үшін бұл аса маңызды саяси шешім. Су қауіпсіздігі саясатымен айналысатын дербес ведомствоның құрылуы еліміздегі, өңіріміздегі қордаланған мәселелердің оң шешімін табуына ықпал етері сөзсіз.

Бүгінде облыс аумағында 39 су қоймасы, 4 гидроторап, 63 канал, 49 лиманды суару учаскесі бар. Оның ішінде 14 су қоймасы, 4 гидроторап, 24 канал мен 17 лиманды суару учаскесі республикалық меншікте, «Қазсушар» РМК БҚФ теңгерімінде болса, 25 су қоймасы, 39 канал мен 32 лиманды суару учаскесі коммуналдық меншікте.

Су шаруашылығы нысандары өткен ғасырдың 60-80 жылдары пайдалануға берілген, бүгінгі күні жайылымдарды сумен қамтамасыз етуді жақсарту үшін гидротехникалық құрылымдарды жөндеп, қайта жаңғырту қажеттігі туындап отыр.

Жаңадан құрылған министрлікпен бірлесіп өңіріміздегі су шаруашылығында қалыптасқан мәселелерді жүйелі түрде шешу бойынша жұмыс атқаратын боламыз.

Сонымен қатар Президенттің автокөлік жолдарына қатысты көтерген мәселесі еліміздің батыс қақпасы ретінде облысымыз үшін өте өзекті. Себебі біздің облыс жолдарының жақсы және қанағатанарлық жағдайдағы үлесі республика бойынша ең төмен. Осы мәселені шешу бағытында 2025 жылға дейін 1,5 мың шақырымнан астам автомобиль жолдарын жөндеу жоспарланып отыр.

Автокөлік жолдарының құрылыс мәселесі шешімін табуға тиіс. Қазір оның сапасының сын көтермейтіні, уақтылы жасалатын жұмыстардың кешеуілдеуі, бәсекелестіктің жоқтығы сияқты мәселелердің бар екендігі шындық. Мұның бәрі – осы салада әбден тамыр жайған кемшіліктер. Көлік-логистика саласын экономиканың жаңа драйверіне айналдыру үшін жұмыс жасау –басты міндетіміз.

Сондықтан жыл соңына дейін нақты шаралар қабылдау қажет. Міндетін адал атқармаған барлық компания заң бойынша жауапқа тартылады. Бұл мәселеге мен баса назар аударамын.

Облыс жұртшылығы мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан нақты қолдауларды шынайы сезініп келеді. Алдымызға зор міндеттер қойылды. Атқаратын жұмыстардың ауқымы өте үлкен. Жолдаудан туындайтын міндеттерді атқаруда өңір тұрғындарымен бірлескен жұмыс жоспарларын құратын боламыз.

- Жолдардың сапасына қатысты айтып өттіңіз. Осы бағыттағы жұмыстарға кеңірек тоқталсаңыз.

- Биыл Батыс Қазақстан облысының автомобиль жолдарын дамыту үшін қомақты қаржы бөлінді. Атап айтсақ, өңірімізде «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы, сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында бөлінген 81,5 млрд теңге қаражатқа 615 шақырымнан астам жолды жөндеуден өткізу жоспарланған.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2019 жылдан бастап Батыс Қазақстан облысындағы Казталов, Бөкей ордасы және Жәнібек аудандарын облыс орталығымен байланыстыратын 245 шақырым жолды жөндеу жұмыстары басталған болатын.

2019 жылдан 2022 жылға дейін (4 жылдың ішінде) аталған жол бөлігінің небары 125 шақырымы (орташа есеппен жылына 31 шақырым) жөндеуден өтсе, жыл басынан менің тікелей бақылауыммен 2023 жылдың бес айында (сәуір-тамыз) 73 шақырым жолға асфальт төселді. Қалған 47 шақырым жолды «ҚазАвтоЖол» компаниясы жыл соңына дейін аяқтауды көздеп отыр.

Сонымен қатар жол-құрылыс материалдарының (қиыршықтас, битум) жетіспеушілігінен жөндеу жұмыстарын қарқынды орындау мүмкін болмай отырғанын ескеру қажет. Дегенмен Үкіметтің, «ҚазАвтоЖол» мекемесі мен біздің бірлескен тиімді шараларымыздың арқасында қажетті материалдар жеткізіліп, құрылыс жұмыстары жалғасуда.

Оған қоса республикалық маңызы бар Подстепный-Теректі-РФ шекарасы автожолын қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Аталған жолдың 1-ші және 4-ші учаскелеріне 2022 жылы 5,3 млрд теңге игеріліп, 3,8 шақырым жол салынды. Биылғы жылы 36 шақырым жол салуға 8 млрд теңге бөлінді. Қалған 2-ші және 3-ші учаскеге (ұзындығы 72 шақырым, жоба құны 35,6 млрд теңге) құрылыс «ҚПО б.в» компаниясының қаражаты есебінен жүргізілетін болды.

Облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарына бөлінген 26,6 млрд теңге қаражатқа 335 шақырым жолды жөндеуден өткізу көзделуде. Осы шаралардың жүзеге асуы жыл соңында облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың жай-күйінің нормативтік жағдайдағы үлесін 52 пайызға жеткізуге септігін тигізеді.

- Әлемде ауыз су тапшылығы сезіліп жатқаны мәлім. Осыған орай Батыс Қазақстан облысында қала мен ауылдарды ауыз сумен қамту қандай деңгейде деп ойлайсыз, суды үнемдеп пайдалану мәселесі жөнінде не айтар едіңіз?

- Облыс бойынша ауыл халқы 92 пайызға сумен қамтамасыз етіліп отыр. Күні бүгін 416 ауылдың 258-сі, яғни 62 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған.

Осы жылы 47 ауылдық елді мекенге орталықтандырылған ауыз су желісін тарту бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде, оған қоса 20 ауылға кешенді блок модулі орнатылмақшы.

Қазіргі таңда 14 ауылға кешенді блок модулін қоюға қаражат бөлініп, соның 6 ауылына орнатылды.

Аталған жұмыстардың нәтижесінде халықтың ауыз сумен қамтылу деңгейі жылдың қорытындысы бойынша 95 пайызға дейін жетпекші. 2025 жылдың аяғына дейін ауылдық елді мекендерді орталықтандырылған ауыз сумен толықтай қамтамасыз ету көзделіп отыр.

Суды үнемдеп пайдалану мәселесіне келер болсақ, бұған әрбіріміз жауаптымыз. Тұрғындар, әсіресе, ауылдық жердегі ағайындар ауыз су мен техникалық суды өз орнымен жұмсағанымыз абзал. Техникалық суды мал суаруға, бақшаға, құрылыс жұмыстарына, тағы басқалай қажеттілікке қолдану қажет. Халық көбіне бұл жұмыстарға ауыз суды пайдаланып жатады. «Судың да сұрауы бар» дегендей, су қорларының да өзіндік мөлшері болады, сондықтан ауыз су мен техникалық суды тиімді пайдаланғанымыз дұрыс.

Осы бағытта, биылғы жылы облыстың 20 ірі тірек ауылын су бұрумен, яғни кәріз желілерімен қамтамасыз ету жоспарлануда. Жобалар жүзеге асырылған кезде ауыз су үнемді пайдаланылатын болады.

- Соңғы жылдары өңірде киік көбейіп кеткені белгілі. Биыл облыстың оңтүстік аудандарында шөп шығымы ойдағыдай емес. Алда қоянның қысы келе жатыр. Оның үстіне шабындықтарды киіктер отап кетуде. Осыған байланысты шаруалардан сол аумақтарда төтенше жағдай енгізу жөнінде ұсыныстар түс ті. Бұл мәселе облыс басшылығы тарапынан қалай шешілуде? Киік санын реттеуге қалай қарайсыз?

- Әлемдегі киіктің 90 пайызы, яғни 1,9 млн бас ақбөкен біздің елімізді мекендейді. Оның басым бөлігі, көктемгі әуе санағы қорытындысымен 1 млн 130 мың бас киік облысымыздың аумағында, Жайықтың оң жағалауындағы 7 ауданды жайлайды. Биылғы төлімен қосқанда, шамамен 1 млн 600 мың басқа жетуі ықтимал.

Батыс Қазақстан облысы ғалымдарының биологиялық негіздемесі бойынша киіктердің облысымыздағы оптималды саны 500 мың бастан аспауы керек. Кеңес заманының өзінде Орал киіктерінің саны 50 мыңнан 150 мыңға дейін болды, ең көп саны 90 жылдардың ортасында 300 мың бас болып тіркелді.

Киік санының көбеюі облыс аумағында бірқатар проблема туындатып отыр. Себебі киік миграциясының нақты шекаралары жоқ болғандықтан, олар үй малдарымен бір жайылымда жайылып, бір суару көздерін пайдаланады.

Қазіргі кезде менің тапсырмама сәйкес киіктен зардап шегіп отырған әрбір ауданда залал көлемін есептеу үшін комиссиялар құрылды.

Комиссиялар әр шаруашылық көлемінде акт жасақтап, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасына ұсынып отыр. Сол ақпаратқа сәйкес облыс көлемінде 1350 агроқұрылымның 915 мың га ауылшаруашылық жеріне залал келген.

Қазіргі уақытта шаруашылықтардың жайылымдық жерлеріне келтірілген залалдың көлемі анықталып, қаражат бөлу туралы ұсыныс ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне жолданды. Жалпы жайылымдық жерлерге келген залал сомасы 7,9 млрд теңгені құрап отыр.

Сондай-ақ мамандардың айтуынша, киік санының күрт артуы өңірдің ветеринарлық жағдайына да кері әсерін тигізуі әбден мүмкін. Себебі жер тапшылығына байланысты киіктер үй жануарларымен тығыз араласуда, сол себептен олардың бір-біріне түрлі ауруларды жұқтыру қаупі ұлғайып отыр.

Қалыптасқан мәселелерді шешу жолы – киіктердің санын реттеу.

2023 жылғы 20-22 мамыр аралығында арнайы шақыртумен облысымызға халықаралық сарапшылар, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы, «Бөкейорда» резерваты, «Охотзоопром» мекемесі өкілдері келіп, оңтүстік аудандар тұрғындары және фермерлерімен кездесу өткізілді. 22 мамырда облыс орталығында шетелдік сарапшылар, құзырлы мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар және жергілікті сарапшылардың қатысуымен отырыс және төрт күннен кейін Астана қаласында республикалық деңгейде қорытынды жиналыс өткізіліп, халықаралық сарапшылар киік популяциясының бөлігін реттеу туралы ұсыным қалдырды. Осыған сәйкес киік саны реттелетін болады.

- Өнеркәсіп кәсіпорындарының әлеуеті артпайынша, экономика алға баспақ емес. Бұл жайында не айтар едіңіз?

- Иә, өнеркәсіп – облыс экономикасына өзіндік үлесін қосып келе жатқан басым салалардың бірі. Биылғы бірінші тоқсан қорытындысы бойынша жалпы аймақтың өнім көлеміндегі үлесі 48,7 пайызды құрап отыр.

Өнеркәсіп саласында биылғы бірінші жартыжылдықта 1,9 трлн теңгенің өнімі өндірілді. Өнеркәсіптің 89,2 пайызы тау-кен өнеркәсібіне тиесілі.

Өңдеу өнеркәсібі саласында алты айда өндіріс көлемі 21,3 пайызға артты (өндіріс көлемі – 161,3 млрд теңге), өсімге келесі салалар бойынша: машина жасау, металлургия, тағам, жиһаз өнімдері көлемдерінің артуы есебінен қол жеткізілді.

Бірінші тоқсанда өңдеу өнеркәсібінің жалпы аймақтық өнім көлеміндегі үлесі 5,1 пайызды құрады. Сол себепті өңдеу өнеркәсібін дамыту экономикадағы негізгі мақсат болып отыр.

Өңдеу өнеркәсібінде машина жасау, құрылыс индустриясы және тамақ өнеркәсібі сияқты салалар басым.

Бірінші жартыжылдықта өңдеу өнеркәсібі саласында 114,8 млн АҚШ долларының өнімі сыртқы нарыққа шығарылды, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,7 есе көп. Сала кәсіпорындары негізінде көптеген жаңа өндіріс орындары іске қосылды. 2022 жылы жалпы құны 224 млрд теңгеге 18 жоба жүзеге асырылып, 697 жаңа жұмыс орны ашылды. Тек машина жасау кәсіпорындары негізінде соңғы үш жылда мұнай-газ жабдықтары мен олардың қосалқы бөлшектерінің 20-дан астам түрі игерілді.

Жалпы, облыстың машина жасау кәсіпорындарында саланы одан әрі дамыту үшін бірқатар алғышарттар бар. Атап айтқанда, оларда станок паркі жеткілікті. Машина жасау саласы – БҚО-дағы негізгі бағыттардың бірі, оның ішінде қорғаныс-өнеркәсіп кешенінде, мұнай-газ және электротехника салаларындағы машина жасауды атап өтуге болады.

Батыс Қазақстан аумағында мұнай-газ кен орындарының болуы облыстың мұнай-газ, машина жасау саласын дамытуға мүмкіндік береді. Мысалы, «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ негізінде мұнайды жылыту пештерінің көптеген түрлері өндіріле бастады. 2022 жылы компаниямен «Казтрансойл» АҚ тапсырысы бойынша ППН-10 мұнай қыздыру пеші орнатылды. «Орал механикалық құю зауыты» кәсіпорны тербелмелі станоктар мен оларға қосалқы бөлшектер (редукторлар және т.б.) өндірісін игерді, балқытылатын модельдер бойынша желі іске қосылды. «Оралагрореммаш» АҚ базасында IVECO шассиі негізінде автобусты жинау өндірісі игерілді. «ПетроВалвз Қазақстан» ЖШС-да шар крандарын, клапандар мен ысырмаларды өндіру және жөндеу зауыты іске қосылды.

2023 жылы 36 млрд теңгеге 46 жобаны жүзеге асырып, 1025 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген еді. Бірінші жартыжылдықта 17,4 млрд теңге 21 жоба (618 жұмыс орны) іске қосылды. Мысалы, «Орал трансформатор зауыты» ЖШС-мен бетонмен қапталған трансформаторлық қосалқы станциясы өндірісі, «PlayCom Uralsk» ЖШС-мен фанера өндірісі, «Экопласт Қарасай» ЖШС есік және терезе төсеніші, «БҚҚМК» АҚ-мен кірпіш өндірісі бойынша 2 престік желісі және басқа жобалар енгізілді.

Қазіргі уақытта тамақ өнеркәсібі саласының өңдеу өнеркәсібінің жалпы көлеміндегі үлесі 34,6 пайызды құрайды.

Агроөнеркәсіп саласында ет шаруашылығын, ұн тарту өнеркәсібін, сүт өнімдерін, кондитерлік өнімдер өндіруді, сондай-ақ шаруашылық маңызы бар табиғи су айдындарында балық шаруашылығын дамыту бәсекелестік бағыттар болып есептеледі.

Тағам өнімдері өндірісі саласында өндірісті кеңейту мақсатында қуаттылығы жылына 5 475 тонна сүт-тауарлық фермасы («Ringo-Milk» ЖШС) іске қосылды. Қуаттылығы күніне 100 тонна «Май зауытын кеңейту» жобасы («Пойма май комбинаты» ЖШС) жүзеге аспақшы.

ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың облысқа жұмыс сапары барысында берілген тапсырмасына сәйкес, биыл «Агроөнеркәсіп кешені саласындағы жобаларды қаржыландыру бағдарламасы (СҚО тәжірибесін тираждау)» бойынша Батыс Қазақстан облысында сүт-тауарлы фермаларын қаржыландыруға 6 млрд теңге бөлініп, жалпы 1,8 мың басқа арналған, жылына 11 мың тонна сүт өндірілетін әлеуетті 4 ірі инвестор айқындалып, олар («Ringo milk» ЖШС, «Amanat» ШҚ, «Арыстанов» ШҚ, «КТК888» ЖШС) кешендерін салуға кірісіп кетті. Күні бүгін оларды қаржыландыруды бастап кету үшін бюджеттік несие беретін сенім білдірілген өкілді (агент) анықтайтын мемлекеттік сатып алу рәсімі өткізілуде.

Өткен жылы облыстың тауар өндірушілерімен 895 бас сүтті бағыттағы ірі қара малы сатып алынса, биыл оған «Ауыл аманаты» және «СҚО тәжірибесін тираждау» бағдарламалары арқылы 3 800 бас мал қосылмақшы.

Бұл кешендер іске қосылғаннан кейін сүт өнімдеріне деген қажеттілік 32 пайызға дейін жабылады деп күтілуде.

Алдағы мал қыстату науқанына мал азығын дайындау науқаны қарқынды жүргізілуде. Облыс бойынша 1 млн 121,4 мың шартты мал басына 2 млн 126,1 мың тонна шөп, 242,1 мың тонна жем дайындалуы қажет.

Биылғы жылы көктемде трансшекаралық өзендерімізге судың молынан келуіне қарамастан, көктем ерте шығып, топырақта ылғалдың аз, сондай-ақ шөптің шығуының вегетативті кезеңінде түнгі уақыттың салқын болуы шығымдылыққа әсер етті. Егер өткен жылы шөп шығымдылығы облыс бойынша орташа 6,1 ц/га болса, биыл ол 3,9 ц/га-дан аспай қалды. Әсіресе, оңтүстіктегі Бөкей ордасы, Жаңақала, Жәнібек аудандарындағы өнімділік облыстың орташа көрсеткішінен төмен. Аудандардан алынған мәліметке қарағанда, қалдық шөпті қоса есептегенде, барлығы 1 843,4 мың тонна пішен (қажеттіліктің 86,7 пайызы) бар. Қалған уақытта мал азығын толық дайындауға күш жұмсалатын болады.

Батыс Қазақстан облысы кең таралған пайдалы қазбалар қоры бойынша ең бай өңір болып табылады, бұл – құрылыс индустриясын дамыту үшін үлкен мүмкіндік. Атап айтқанда, аймақ цемент шикізаты, құм-қиыршық тас қоспасы және құрылыс құмдары, керамзит саздары, құрылыс гипсі, техникалық тас тұзы, сондай-ақ керамикалық кірпіш өндіруге, жол құрылысына және басқа да пайдалы қазбаларға жарамды саз түрлерінің кен орындарымен танымал.

Құрылыс индустриясы саласы кәсіпорындары негізінде «QazFanCom» ЖШС ресейлік «Фанерный завод» ЖШҚ компаниясымен бірлесіп, облыста қуаттылығы жылына 54 мың текше метр фанер өндірісін локализациялады. Компаниямен 52-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды.

«TerezeStyle» ЖШС Германия, Жапон елдерімен бірігіп, жоғары сапалы терезелер мен есіктер және басқа жабдықтар шығара бастады (қуаттылығы жылына 35 мың шаршы метр, 60-тан астам жұмыс орны).

Бұдан басқа, «Ply Com» ресейлік компаниясымен фанерден жасалған кабельдік катушкалар фланецтерінің өндірісі (қуаттылығы жылына 8 мың текше метр, 80 жұмыс орны) іске қосылды.

Мұның бәрін айтып отырған себебім, жаңа өндіріс орындарын ашу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар облыстың өңдеу өнеркәсібі компанияларының жоғары әлеуетін көрсетеді және әрі қарай да өз жалғасын табатын болады. Бұл өз кезегінде облыс экономикасының дамуына септігін тигізетіндігі күмәнсіз.

- Облыста денсаулық сақтау саласында жаңадан нысандар салынып жатыр. Сол секілді білім саласындағы «Жайлы мектеп» жобасы бар. Жалпы, әлеуметтік салада қолға алынған шаруалар көңіліңізден шыға ма?

- Қазіргі таңда өңірде халыққа медициналық қызмет көрсетуші 59 ұйым бар, оның ішінде 38-і мемлекеттік және 21-і – жеке медициналық ұйым. Облыс орталығынан шалғай орналасқан елді мекендердің тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында 12 жылжымалы медициналық кешен қызмет көрсетіп келеді. Биыл осы кешендер жұмысының арқасында 33087 адам қамтылды, оның ішінде 6965-і – балалар.

Жалпы, облыста 1738 дәрігер және 6661 орта медицина қызметкері жұмыс жасайды. Медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысандарының «Қадамдық қолжетімділігі» жобасы аясында жалпы тәжірибе дәрігерлерінің 416 учаскесі қызмет көрсетуде.

Ми қан айналымы бұзылған науқастарға мамандандырылған шұғыл медициналық көмек көрсету мақсатында Бөрлі аудандық ауруханасының базасында 10 кереует орынға есептелген инсульт орталығы ашылды. Бұл орталық Ақсай қаласы, Бөрлі, Қаратөбе, Сырым және Шыңғырлау аудандарының тұрғындарына медициналық көмек көрсетеді.

Жалпы қабылданған шаралардың арқасында былтырғы жылмен салыстырғанда, халық денсаулығының негізгі көрсеткіштері, атап айтқанда, нәрестенің шетінеуі 27 пайызға, жалпы өлім-жітім 12,7 пайызға (соның ішінде қан айналымы жүйесі ауруларынан – 9,1, қатерлі ісіктерден – 10,2, жарақаттар, жазатайым оқиғалардан және уланудан –13,3, туберкулезден – 33,3 пайызға) төмендеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Үкіметке денсаулық сақтау саласын қаржыландыру жүйесін қайта қарауды тапсырғаны мәлім. Осы тапсырма аясында биыл денсаулық сақтау жүйесін дамытуға 78 млрд теңге көлемінде қаражат қарастырылған.

Денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында осы жылы 5,5 млрд теңге көлемінде жабдық сатып алу жоспарланып, 48 жабдық алынды. «ҚПО б.в.» компаниясы 25 млрд теңге қаражат бөліп, материалдық база жаңартылады.

Алдағы екі жылда ауылдарда медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салынып, қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етіледі. Себебі ҚР Үкіметінің «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін өңірдегі елді мекендерде 50 медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету нысандарын салу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар алдағы уақытта бұл жоба аясында Казталов және Бөрлі аудандық ауруханаларының мәртебесін өзгертіп, 2 ауданаралық аурухананы ашатын боламыз. Ақжайық ауылында реабилитациялық 50 орындық аурухана жұмыс істеп жатыр.

Бұдан бөлек 22 денсаулық сақтау мекемесіне күрделі жөндеу жүргізу жоспарланып, қазіргі уақытта 18 нысанда сол жұмыстар атқарылуда.

Биыл Тасқала аудандық ауруханасының қаражаты есебінен Айнабұлақ ауылының жаңа медициналық пунктінің ғимараты сатып алынды.

Тағы бір айта кетер жайт, биылдан бастап ауылдық жерлерге жас мамандарды жұмысқа тарту мақсатында 1,5 млн теңгеден бастап 5 млн теңгеге дейін бір реттік қаржылай көмек көрсету қарастырылды.

Осыған қоса жергілікті бюджет қаражатына 55 грант (талапкерлер), республикалық бюджет есебінен 197 резидентура, 60 бакалавр оқу гранттары бөлінді.

Облыстық көпбейінді аурухананың негізінде М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің филиалы ашылып, медицинаның 13 бағыты бойынша резиденттер (интернатура түлектері) оқып, тәжірибе жинақтап келеді. Қазіргі уақытта 58 маман біліктілігін арттыруда.

Қабылданып жатқан шаралардың барлығы өңір тұрғындарының денсаулығын сақтап, өмір сүру деңгейін арттыруға арналған.

Білім саласындағы жұмыстарға тоқталар болсақ, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Батыс Қазақстан облысында 2026 жылға дейін 18 мектептің құрылысы жоспарланды. Мұндай мектептер ауылда да, қалада да бірыңғай стандарт бойынша салынатын болады. Онда ерекше білім қажеттіліктері бар балалар үшін жағдай жасалады. Сонымен қатар жаңа білім мектептерінде пәндік кабинеттер, компьютерлік сыныптар, зертханалар мен шеберханалар қарастырылған. Бастауыш және жоғары сыныптарға арналған бөлек блоктар болады.

Батыс Қазақстанда биыл 9, келесі жылы 9 мектеп салынбақшы. Күні бүгін 9 мектеп бойынша «Samruk-Kazyna Construction» АҚ мен облыс әкімдігі арасында концорциумдық келісім-шарттарға қол қойылып, 5 мектеп бойынша мердігерлер анықталды, нысандар қоршалып, жер қазу жұмыстары қолға алынды. Қалған 2 мектеп бойынша конкурстық рәсімдер жүргізіліп жатыр. Тағы екеуі басқа жобаларға ауыстырылмақшы.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Орал қаласында №53, №60, медколледж ауданында №65 мектеп, Бөрлі ауданында Ақсай қаласында М.Ықсанов атындағы №1, 13-шағынауданда және Пугачев ауылында, Теректі ауданында Подстепныйда, Бәйтеректе Достық пен Трекинде жаңа мектептер бой көтереді.

Ұлттық жобаны іске асыру нәтижесінде 32 мыңнан астам жаңа, сапалы оқушы орны ашылып, білім сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Қорыта айтқанда, білім ордаларындағы орын тапшылығы, апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептер мәселесі толығымен шешіледі.

- Облыс орталығы – Орал қаласын дамыту бағытында не істеу қажет деп ойлайсыз?

- Орал қаласын дамыту қаланың бас жоспарын жасақтауға байланысты жүзеге асырылады. Бас жоспар 2014 жылы ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген. Қаланың бас жоспарына сәйкес қала ішіндегі кейбір нысандар өндірістік аймақ үшін көзделген. Сол себепті бүгінде өзекті мәселелердің бірі қаланың функционалдық аймақтарын сәйкестендіру қажет. Осыған орай, қаламыздың бас жоспарын түзету жұмыстары 2023 жылдың сәуір айында басталып кетті. Бұл жұмысты 2025 жылы аяқтау көзделіп отыр. Осы кезеңде қалаға кіретін елді мекендердің (Серебряков, Деркөл, Ветелки және басқа) бас жоспарлары қоса жасақталып, облыстың бас шаһарының қарқынды дамуына себеп болады.

Қаладағы автомобиль жолдарын жөндеу және оларды қалыпқа келтіру жұмыстары басты назарда.

Облыс орталығындағы жолдың жалпы ұзындығы 615 км болса, оның ішінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың ұзындығы – 468,3 км (76,15 пайыз), топырақ жабынды жолдар –146,7 км (23,85 пайыз).

2023 жылға 72 шақырымды құрайтын (оның 23,6 км қанағаттанарлық жағдайда, 46,45 км топырақ жабынды) 67 көшеге (36-сы – Деркөл кенті, Сарыарқа шағынауданы ішкі орам жолдары) жол жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған еді. Қазіргі таңда 19 көшенің жол жөндеу жұмыстары аяқталды. Жалпы, 2023-2025 жылдары аралығында шаһарымыздағы жолдардың сапасын 80 пайызға дейін жақсы және қанағаттанарлық деңгейге жеткізуді ойластырып жатырмыз.

Биыл Жайық өзені арқылы өтетін М-32 көпірінің жолы ретке келтірілді.

Тұрғын-үй коммуналдық сала шаруашылығына тоқталар болсам, көппәтерлі тұрғын үйлердегі жедел сатылардың мәселесін атап өту керек. Орал қаласы бойынша 876 жедел саты болса, оның ішінде көппәтерлі тұрғын үйлерде 679 жолаушылар сатысы бар. 217 сатының пайдалану мерзімі 20 жылдан асқан. 2021-2022 жылдары Орал қаласы бойынша «Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында 9 жолаушы лифтісі ауыстырылды. Биыл «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы» аясында 6 көппәтерлі тұрғын үйдің жедел сатысын ауыстыру жұмыстары жүргізілуде.

- Облыс картоп, көкөніс өнімдерін сақтауға арналған қоймалармен қаншалықты қамтамасыз етіліп отыр?

- Бүгінгі таңда жиналған өнімдерді күзгі-қысқы мезгілдерде тұтыну үшін сапалы сақтауға арналған сыйымдылығы 50 мың тонналық 27 жабдықталған көкөніс қоймалары бар. Оған қоса 2025 жылға дейін сыйымдылығы 48 мың тонна болатын 21 көкөніс қоймасын салу көзделіп отыр.

Құрылыс қорытындысы бойынша өңірде 2025 жылы 48 жабдықталған көкөніс қоймасы болады деп күтілуде. Осылайша, облыс картоп-көкөніс қоймаларына деген қажеттілікпен толық қамтылады.

- Соңғы сауал, 2026 жылы ел тарихында ерекше орны бар Бөкей хандығының құрылғанына 225 жыл толады. Осы атаулы датаны ЮНЕСКО көлемінде атау үшін нендей іс-шара қолға алынады?

- 2026 жылы Бөкей хандығының құрылғанына 225 жыл толуына орай бірқатар іс-шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз. Біріншіден, атаулы датаны ЮНЕСКО көлемінде атап өтудің өзіндік рәсім-талаптары бар. Қазірден бастап Мәдениет және ақпарат министрлігімен, Сыртқы істер министрлігімен келіссөздер жүргіземіз. Бізде екі жыл жарымдай уақыт бар, әлемдік деңгейде өткізуге мүмкіндік болмағанның өзінде, республикалық, халықаралық шараларды қолға аламыз. Ол уақытқа дейін жасалатын да жұмыстарымыз бар. Мысалы, 2025 жылға дейін Хан ордасы ауылының ішкі жолдарын жөндеу, саябақтарды қалпына келтіру, көгалдандыру cекілді жұмыстар атқарылады. Хан ордасы ауылына баратын жолды күрделі жөндеуден өткізуіміз қажет. Өйткені Бөкей ордасы өңіріміздегі туристердің көп баратын аймағына айналып келеді. Жылына 20 мыңнан астам турист келіп кетеді. Бүгінде Хан ордасында визит-орталығы, басқа да реставрациялық жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Бұдан кейін 2026 жылға арналған келесідей жоспарларымыз бар. Алдымен Хан ордасы ауылында немесе Орал қаласында Бөкей хан ескерткішін орнату мәселесін пысықтау. Астана қаласындағы Ұлттық кітапхана ғимаратында Бөкей хандығының 225 жылдығына орай көрме және ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастыру. «Бөкей хандығының 225 жылдығы» деген кескіндемемен пошта маркалары және Ұлттық банк монеталарын шығару. Сондай-ақ халықаралық деңгейде айтыс өткізбекшіміз.

Оған қоса Бөкей хандығының тарихы жөнінде кітаптар шығарылып, халыққа таратуға бағытталған шаралар өткізіледі, республикалық мәдени байқаулар ұйымдастырылады. Бөкей мен Жәңгір хан мұраларын сахналық қойылым, спектакль арқылы дәріптеуге арналған шараларды қолға аламыз. Республикалық деңгейде зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел мен көрме өткізіледі. Ұлттық салт-дәстүрлерімізді дәріптеу мақсатында Хан ордасы ауылында облыстық ұлттық өнімдер, бұйымдар, тағамдар жәрмеңкесін өткізу жоспарланбақшы. Бөкей хандығы кезінде Хан жәрмеңкесі ұйымдастырылғаны мәлім. Соны жаңғыртып, шетелдерден қонақтарды шақырып, «Хан жәрмеңкесін» жасайтын шығармыз. Бұл мәселе биылдан қалмай пысықталады.

Өңірлік деңгейде мерейлі датаны атап өту бойынша жұмыс тобын құрамыз. Пысықтайтын мәселе көп. Бәрін уақытына қарай реттеуіміз қажет.

Орал қаласынан Бөкей ордасын зерттеу орталығын ашу – күн тәртібіндегі мәселе. Бөкей ордасы ауданы аумағында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуді қолға алу қажет. Хан ордасы музей-қорығында археологиялық экспозиция ашып, 1852-1917 жылдар аралығындағы құжаттар жинағын басып шығаруымыз керек. Шетелдер архивінде құжаттармен жұмыстар жүргізу үшін экспедициялар ұйымдастыру маңызды. Бөкей ордасы аумағында көркем фильм түсіру жоспарымыз бар. Самара-Шымкент, Орал-Атырау жолының бойына «Хан ордасы музей-қорығы» деген жол сілтемесін орнатамыз. Хан тоғайына тақ орнату, спектакльдер қою, халықаралық деңгейде суретшілер пленэрін ұйымдастыру, Бөкей ордасы туралы жаңа әндер байқауын өткізу секілді іс-шаралар атқарылатын болады.

Осының бәрі қыруар жұмыс пен қомақты қаржыны талап етеді. Мүмкіндігіне қарай, жергілікті тұрғындардың, азаматтық қоғам өкілдерінің Бөкей хандығының 225 жылдығын атап өту бойынша тағы да басқа ұсыныстарын ескере отырып, жұмыстар жүргізілетін болады.

- Нариман Төреғалиұлы, әңгімеңізге рахмет! Қызметіңізге табыс тілейміз.


Соңғы жаңалықтар