Су қоршауында қалған ауылға жол ашылды - ТЖК

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер тасқын су қоршауында қалған ауылдың жағдайы туралы айтып берді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кеше, 14 сәуір күні тас жолдан Ескі Колутон ауылына баратын жол учаскесі жөнделді. Бүгінде автокөлік қозғалысы ашылды. Ал Колутон өзенінің деңгейі төмендеп келеді», - деді В.Беккер елордада өткен баспасөз мәслиxатында.

Айта кетейік, өткен аптаның басында комитет басшысы Астраxан ауданы бойынша бірнеше ауылда жағдайдың күрделі екенін жеткізген болатын. ТЖК баспасөз қызметінен хабарлағандай, 7 сәуір күні Астрахан ауданындағы Колутон өзенінде су деңгейінің көтерілуіне байланысты Ескі Колутон ауылындағы 20 ауланы су алып кеткен. Ауыл тұрғындары автокөлік байланысынан да қол үзіп қалды.

Жолды басқан судың деңгейі 60-70 сантиметр болған. Ал ұзындығы 700 метрге дейін барды. Демалысқа қарай 40 метрге дейін қысқарды. Сол кезде жергілікті атқарушы органдар арнайы техниканы дайындап, жол жөндеу жұмыстарын бастаған болатын. «Жолдың шеткі жақтарын да су шайып кетті. Сондықтан, ол жерге де топырақты үйетін болады. Су деңгейі түскеннен кейін жолдың қалған бөлігі жөнделеді. Сөйтіп, Ескі Колутон аулына баратын жол да ашылады. Бұл жұмыстар шамамен 4 күн ішінде жасалады», - деген еді В.Беккер. Ескі Колутонда 240 үй бар. Барлығы 715 адам тұрады.

Соңғы жаңалықтар