Су добы: Қазақстан қыздары әлем чемпионатында Испаниядан жеңілді

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Оңтүстік Кореяның Кванджу қаласында өтіп жатқан су добынан әлем чемпионатында еліміздің қыздар құрамасы екінші кездесуінде Испаниядан жеңіліп қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Испания - су добынан әлемдегі үздік құрамалардың бірі. Олар 2013 жылы чемпиондық тұғырға көтерілсе, 2017 жылы күміс жүлдегер атанды. Қазақстан қыздары испандармен кездесуде 6:18 есебімен жеңіліп қалды. Біздің құрама сынға түсетін С тобындағы тағы бір кездесуде Грекия Кубаны 20:4 есебімен тізе бүктірді.

Естеріңізге сала кетелік, біздің қыздар 14 шілдеде Кубадан 9:6 есебімен басым түскен болатын. Енді олар 18 шілдеде Грекиямен шеберлік байқасады. Аталмыш кездесуде жеңіске жеткен құрама өз тобында екінші орын алады. Нәтижесінде жарысты жалғастыру мүмкіндігіне қол жеткізеді.

Қазақстандық қыздар әлем чемпионатына алтыншы мәрте қатысып жатыр. Олар 2001 жылы сегізінші орын алды. Бүгінгі күнге дейін одан жоғары жетістікке жеткен жоқ.

Қазақстан ерлер құрамасы 15 шілдеде АҚШ-тан 7:16 есебімен жеңіліп қалды. Енді олар 17 шілдеде Австралиямен кездеседі.

Айта кетсек, 12 шілдеде Оңтүстік Кореяның Кванджу қаласында су спорты түрлерінен әлем чемпионаты басталды. Дүбірлі дода 28 шілдеге дейін созылады. Әлем чемпионатында суға секіру, хай-дайвинг, ашық су айдынындағы суға жүзу, суға жүзу, синхронды жүзу, су добынан жарыстар өткізіледі.

Соңғы жаңалықтар