Су болмаса, қант қызылшасы алқабын кеңейтудің маңызы жоқ - Айжан Абақанқызы

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Алматы облысындағы қант қызылшасын егетін алқаптарда су өте тапшы. ОКҚ-де өткен брифингіде «Қазақстан қант, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Айжан Абақанқызы осылай мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Егер біз қант қызылшасын егетін алқаптардың инфрақұрылымына келетін болсақ, бұл жерде судың жеткілікті болуы өте маңызды. Себебі, бұл еліміздің оңтүстік аймақтары үшін аса күрделі мәселе екені белгілі. Жамбыл облысында суға қатысты мәселе тұрақты болса, Алматы облысында су өте тапшы. Егер су болмаса, онда тиісінше өнім де болмайды. Онда егіс алқабын да кеңейтудің маңызы жоқ», - деді Айжан Абақанқызы.

Сонымен қатар, ол зауыттарға газ жеткізу мәселесін көтерді. Айтуынша, газ желілері қант өңдейтін кәсіпорындарға дейін жеткізілмеген.

«Зауыт жұмыс істей бастайтын маусымда оған мазут қажет болады. Ал, дәл осы уақытта мазуттың бағасы қымбаттайды да, кәсіпорын тиісті межені орындай алмай қалады. Бізден қант сұрайды, алайда оны өңдеуге қажетті ресурстармен қамтамасыз етпейді», - деп мәселе көтерді Айжан Абақанқызы.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, еліміздегі қант шикізаты ішкі нарықтың 10%-ын ғана жабады.

Фото: shutterstock.com


Соңғы жаңалықтар