Су бетінде жүгіріп, оттан өткен: Шымкентте Шаолинь мектебінің шәкірті тұрады
2022 жылғы 26 маусым 08:27

Су бетінде жүгіріп, оттан өткен: Шымкентте Шаолинь мектебінің шәкірті тұрады

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкент қаласының тумасы Болатбек Нұрманов өмірінің үш жарым жылын Гуанчжоудағы Шаолинь ғибадатханасында өткізген. Ол Қытай жерінде қоян-қолтық ұрыстың қыр-сырын меңгеріп, монастырьдағы ұстаздардан дәріс алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әскери қызметтегі Болатбек Нұрманов 1980-ші жылдары атақты Шаолинь ғибадатханасына қызмет бабымен барған. Аспан асты еліне жеткен соң, сондағы шәкірттермен шаршы алаңға шығып, күш сынасқан. Тіпті, чемпионаттарға қатысып, жеңіс тұғырынан да көрінген. «Бұл өмірімдегі ұмытылмас сәттердің бірі», - дейді биыл 68 жасқа толатын Б.Нұрманов.

«Жас кезімде спортпен шұғылданған болатынмын. Жаяу тау тасты кезіп монастырьға жеттім. Ондағылар мені сынап көрген соң, бірден қабылдады. Бала күнімде спортпен шұғылданғандықтан, сынақтардан қиналмай өттім» - дейді ол.

Кейіннен Болатбек Нұрманов монастырьда түрлі жаттығуларды жасауды үйренеді. Саусақты тіреп кеудені жерден көтеру, су бетінде жүгіру, оттан өту, бір аяқпен тұру секілді әдіс-тәсілдерді тез-ақ меңгеріп алады. Қасындағы замандастарымен жекпе-жекке түсіп, өзара мықтыны анықтайды. Қылыштың орнына тақтай ұстап төбелеседі.

Оның айтуынша, су бетінде 4,5 метрге дейін жүгіріп өтуге болады.

«Ғибадатханада үш тәсілді үйрендім: «Қара мысық», «Богомол», «Кобра». Кейін 1981 жылы у-шу бойынша Қытайда өткен әлем чемпионатына қатыстым. Онда қарсыластарымды ойсырата жеңіп, әлем чемпионы атандым. Ең соңғы кездесу қытайлықпен өтті. Өте ауыр болды. Есімнен бір рет танып та қалдым. Ал соңында оны есінен тандырдым. Тіпті орнынан тұра алмай қалды», - дейді ол.

Болат Нұрманов Шаолинь ғибадатханасынан қылыш, шынжырлы таяқ және арнайы формасын алып келген. Қылышты реставрациялау үшін ұстаға тапсырған. Ал шынжырлы таяқ үйінде сақтаулы тұр. Киген киімін шәкірттеріне сыйлаған.

«Мен көп шәкірт тәрбиеледім. Шаолинь мектебінде үйреніп келген тәсілдерімді жастарға үйреттім. Алғашқыда үйде жаттығатынбыз, кейін табиғат аясына шықтық. Шәкірттерімнің баршасы да биіктерден көрінді. Үмітімді ақтады. Ешбірі төбелестің тәсілдерін жаман жолға пайдаланған жоқ. Мен соған қуанамын» - дейді ол.

Қария қазір де күнделікті жаттығулар жасап, у-шу-дың байыппен жасалатын әдіс-тәсілдерін қайталап тұрады. Ал қолдан жасалған аспалы тұлыпты күнде ұрып-тұру – үйреншікті ісі.



Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT