Студенттік жатақханаларда орындардың әділ бөлінуі бақылауға алынады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қоғам белсенділері студенттердің жатақханаға орналасу процесін бақылайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Биылғы маусым айында Қоғамдық бақылау картасы» жобасы аясында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Арнайы мониторингтік топтарының мүшелері рейдтік шараларды өткізді. Оның барысында студенттік жатақханаларда бөгде адамдардың заңсыз орналасуы бойынша бірқатар фактілер анықталды. Сонымен бірге, кейбір оқу орындарында бос орындардың жоқтығы салдарынан, студенттер пәтер жалдауға мәжбүр. Ал бұл пәтерлерді жалдау құны жатақханаға қарағанда әлдеқайда жоғары», - делінген аталған агенттіктің хабарламасында.

Жаңа оқу жылы қарсаңында жатақханаға орналасуға ниетті адамдар саны артады. Осы орайда студенттік жатақханаларға бөтен адамдардың орналасуына жол бермеу мақсатында, сондай-ақ орындарды бөлудің әділ процесін қамтамасыз ету тұрғысында Агенттік пен қоғам белсенділері тиісті шараларды ұйымдастырмақ.

«Арнайы мониторингтік топтар мен Қоғамдық кеңес мүшелері еліміздің барлық өңірлерінде студенттердің жатақханаларға орналасуының процестеріне белсенді түрде қатысады. Аталған жұмыс бос орындардың ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді», - деп атап өтілген ведомство мәліметінде.

Мұнымен қоса, қоғам белсенділері жаңа жатақханалардың сапасы мен құрылысын бақылауға алмақ.

«Студенттік жатақханалардағы орындар бойынша заңсыз әрі айлалы әрекеттер байқалса,  онда Агенттіктің аймақтық департаменттеріне хабарласа аласыздар. Сәйкесінше, тиісті шаралар қабылданады», - деп ескертті Агенттік  өкілдері.

Соңғы жаңалықтар