Студенттік жатақханалар университетіміз үшін қуанышты бастама - Тілектес Есполов

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, ҰҒА академигі Тілектес Есполов «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты үндеуі елдің әлеуетін көтеретін тарихи қадам екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Академик Тілектес Есполов Үндеуде айтылған студенттік жатақханаларды салу 99 пайыз ауыл балалары білім алатын университет үшін қуана қабылдайтын бастама екенін айтты.

«Үндеуде Мемлекет басшысы мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің қатысуымен 75 мың орынға арналған студенттік жатақханаларды 2020 жылға дейін салуды жоспарлағанын атап өтті. Бұл ретте Білім және ғылым министрлігі жатақхана құрылысына бағытталған инвестиция бөлігін бірте-бірте қайтаруға кепіл береді. Бұл, әсіресе 99% ауыл балалары білім алатын біздің университетіміз үшін қуана қабылдайтын жаңа бастама болғаны анық. Бүгінгі таңда университетімізде жатақханаға мұқтаж студенттердің 40% ғана жатын орындармен қамтамасыз етілген. Есептік көрсеткіштер бойынша студенттер және жас ғалымдарды жатақханамен толық қамтамасыз ету үшін қосымша 27 мың шаршы метр қажет.

Университет оқытушыларының көп бөлігін жас ғалымдар құрайды. Олардың көпшілігі баспанамен қамтамасыз етілмеген. Елбасы үндеуіндегі әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беруге қатысты бірінші бастамасы әсіресе жас отбасылардың баспаналы болуы үшін жасалып отырған оңтайлы қадам екенін атап өтуіміз керек. Елбасы ұсынған әлеуметтік маңызы бар «7-20-25» бағдарламасы халықты тұрғын үймен қамтамасыз етудің ең тиімді тетігі деп есептеуіміз керек. Мемлекет басшысы атап өткендей: «Несие өсімінің мөлшерлемесі қазіргідей 14-16% емес, жылына 7% аспайтын болады, ал бастапқы жарна баспана құнының 20% аспауға тиіс».

Мемлекетке өзгеріс пен жаңалықты әкелетін - озық білім мен инновациялық ғылым. Білім мекемелерінің түлектері жаңа форматтағы ел экономикасының темірқазығына айналуы тиіс. Ауылдан шыққан жастар білім алатын университет түлектерінің басым бөлігі бүгінде ауыл зиялылары контингентін қалыптастыруға негіз болып, еліміздің түкпір-түкпірінде еңбекке белсене араласып, елге қызмет етуде. Біздің мақсатымыз - ауыл-ауылдардан келген студенттерімізге тиісті білім беріп қана қоймай, оларды Ел мен Жердің қасиетін бағалайтын Ұлт зиялысына айналатын тұлға ретінде қалыптастыру. Сондықтан, Ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жоғарыда аталған бастамалары міндетті түрде Тәуелсіз Қазақстанның жаңа заман талаптарына сай әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін берері сөзсіз», - деді академик.

Соңғы жаңалықтар