Студенттерге вакцина алу міндетті ме

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде студенттерге вакцина алу міндетті ме? Бұл сұраққа қатысты елордада құзырлы мекеме өкілі мен медицина маманы өз пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетсек, біздің редакциямызға жасы 18-ге толған студентке вакцина алу міндетті ме, ол туралы қайдан білуге болады деген сауал келіп түсті. Біз жауапты мамандардан сұрап көрдік.

«Студенттің жасы 18-ге толмаған болса вакцина алу міндетті емес, ал кәмелет жасына (18 жасқа) толған студенттің вакцина алуына рұқсат. Әрине, студенттің еркіне сай», - деді Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Әйгерім Ардақ.

Сондай-ақ, денсаулық сақтау басқармасының өкілі, мемлекеттік бас санитар дәрігердің қаулысында азаматтардың вакцина алу құқығы толықтай көрсетілгенін айтты.

Осы орайда біз дәрігер маманның да пікіріне сүйенуді жөн көрдік.

«Вакцина адамды індеттен қорғауда 90% кепілдік береді, қалғаны әр адамның ағзасына байланысты. Халық арасында жиі кездесетін қателіктердің бірі - «вакцина алдым» дейді де, сол сәттен бастап маска тақпай, ара қашықтықты сақтамай, той-жиынға барып жүре береді. Вакцинаны толықтай алғанның өзінде антидене 2 айға дейін сақталады. Осыны ұмытпаған жөн. Яғни, індетке шалдықпау немесе одан қорғану вакцина алумен ғана шектелмейді», - деді елордалық жалпы тәжірибе дәрігері, Нұр-Сұлтан қаласы №11 емхананың бөлім меңгерушісі Айдана Аязбекқызы.

Одан бөлек, дәрігер маман вакцинаға қатысты түрлі жаңсақ пікірден аулақ болуға шақырды.

«Иә, екпе алғанына қарамастан аталған індетке қайта шалдығып жатқандар бар. Халық арасында «екпе алдым, бітті, енді ешқашан ауырмаймын» деген жаңсақ пікір бар, одан аулақ болайық. Денсаулық пен ағзаның саулығы тек вакцина алумен шектелмейді. Вакцина - денсаулық пен ағзаның саулығын сақтаудың бір жолы ғана», - дейді ол.

Сонымен қатар, ҚР Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен ЖОО-да оқытушылар мен студенттер арасында COVID–19 індетіне қарсы екпе алу акциясы қолға алынды.

Атап айтқанда, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, Абай атындағы ҚазҰПУ, Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ, М. Әуезов атындағы ОҚУ, М. Өтемісов атындағы БҚУ, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті вакцина алуды қолдау бойынша акцияны бастап кетті.

Осы орайда вакцина алған студенттер үшін шет тілдері, компьютерлік сауаттылық және кәсіпкерлік дағдыларды дамытуға арналған тегін курстарды ұйымдастыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар екпе алған кейбір университеттердің студенттері фитнес залына, бассейнге, театрға, кинотеатрға және әртүрлі концерттерге тегін бара алады.

БҒМ-ның мәліметіне сүйенсек, аталмыш жоғары оқу орындарының оқытушылары да назардан тыс қалмады. Яғни вакцина алған оқытушылар қосымша ақы алып немесе ақылы демалысқа шыға алады.

«Коронавирус індетінің етек жаюы жоғары оқу орындарын да алаңдатып отыр. Әрине, вакцина алу мәселесін әрбір жоғары оқу орны өзі қабылдайды. Дегенмен министрдің тапсырмасы бойынша жоғары оқу орындары студенттері мен оқытушыларын вакцина алуға шақырып, ынталандыру бойынша шаралар қолға алынып жатыр. Бұл акция азаматтардың санасын оятуға көмектеседі деп сенеміз. Біз бірлесе отырып, қауіпті вирусты жеңе аламыз және карантин мүмкіндігінше тез аяқталады деп үміттенеміз. Басқа жоғары оқу орындарын да вакцина алуды қолдап, ынталандыру шараларын ұйымдастыруға шақырамыз. Себебі бұл коронавирустың таралуын тоқтатудың жалғыз жолы», – деді ҚР Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.


Соңғы жаңалықтар