19:00, 18 Мамыр 2021 | GMT +6
Студенттердің стипендиясы тікелей карта шотына түсетін болады - БҒМ
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Студенттердің, магистранттардың және докторанттардың стипендиялары тікелей карта шоттарына түсетін болады. Бұл туралы ҚР БҒМ аппарат кеңесінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Пилоттық режимге әзірге үш жоғарғы оқу орны қатысып жатыр. Олардың қатарына тағы 21 ЖОО қосылды.
Стипендияларды төлеу жөніндегі функцияны Қаржы орталығы жүзеге асыратын болады. Өз кезегінде ЖОО студенттердің үлгерімі мен мәртебесі (оқуға түсу, аяқтау, оқудан шығару және т.б.) бойынша ақпаратты тиісті ақпараттық жүйе арқылы береді.
Осылайша, жаңа жүйе мемлекет жыл сайын стипендияға да, жоғары оқу орындарында оқуға да қаражатты тікелей білім алушыларға атаулы аудару арқылы бөлетін ақша қаражатының ашықтығын қамтамасыз етеді.
Бұдан бөлек, жүйедегі тағы бір оң өзгеріс – басқа ЖОО-ға ауысқан студенттерге грантты сақтай отырып, стипендияны үздіксіз төлеу мүмкіндігі.