Студенттерді сайлау науқанына қатысуға мәжбүрлеген басшы жұмыстан қуылуы керек – «Ақ жол» партиясы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Ақ жол» демократиялық партиясы сайлауда жастардың таңдау еркіндігін және адамдық абыройын қорғауды талап етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сайлауалды науқан жүргізуде әкімшілік ресурсты қолдану – бөлек мәселе. ЖОО-лар мен колледждер әкімшілігі өз студенттерін бұқаралық шараларға қатысуға мәжбүрлесе, дауыс бергені туралы есеп талап етсе, мұндай оқу орны басшылары кем дегенде жұмыстан қуылуы керек. Жастарда өз таңдауын жасау мүмкіндігі болуы керек. Жастар мен студенттердің еркіндігі мен жеке көзқарасын басып-жаншу мақсатты түрде балаларды өтірік айтуға және өзіне жасалған зорлыққа көнуге үйретеді. Мұндай «құлдардың» буынымен ұлтымыз өтірік пен өзгеге бағынышты болу қаупіне ұшырайды», - деді Азат Перуашев партия құрылтайында.

Спикер Қазақстанға еркін, күшті әрі өзіне сенімді жастар қажет екенін баса айтты.

«Осыдан бір ғасыр бұрын Алаштың аяулы ақыны Мағжан Жұмабайұлы «Мен жастарға сенемін» деп жырлаған болатын. Ал біз 100 жыл өткен соң неліктен сол жастарға сенбейміз? Неге олардың өз таңдауына кедергі жасаймыз? «Ақ жол» демократиялық партиясы жастардың таңдау еркіндігі мен адамдық абыройын қорғауды талап етеді», - деді А. Перушев.

Айта кетейік, «Ақ жол» демократиялық партиясының XVI сайлауалды құрылтайында партияның сайлауалды бағдарлама жобасы ұсынылды. Партия төрағасы Азат Перуашев бағдарламадағы ең негізгі басымдық – Тәуелсіздік және Алаш ұлттық идеясы екенін атап өтті.


Соңғы жаңалықтар