Студенттерді Президент сайлауына қатысуға мәжбүрлеуге тыйым салынады – Ғылым министрі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек студенттерді келе жатқан Президент сайлауына қатысуға мәжбүрлеу туралы сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2019 жылы университет басшылықтары студенттерді Президент сайлауына қатысуға мәжбүрлегені айтылған болатын. Одан бөлек, студенттерге ақы төлеп, оларды үгіт-насихат жұмыстарына жұмылдырған. Биыл мұндай әрекеттерге жол беріле ме? Студенттер университет әкімшілігі тарапынан осындай қысымға ұшыраса, қайда хабарласа алады?», - деген сұрақ қойылды министрге Орталық коммуникациялар қызметінде.

«Біріншіден, біз жаңа әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Президент ондай әрекеттерді өте қатаң бақылап, тыйым салады. Біздің министрілк тарапынан ұйымдастырылған арнайы әрекеттер болмайды. Тағы да мынандай жүйелі шешімді таптық, енді министрдің жанында студенттердің құқықтарын қорғайтын арнайы омбудсмен болады. Ол көптеген студенттерге танымал, белсенді азаматымыз – Айсұлу Ерниязова. Ресми түрде министрлікте штаттық кесте бекітілмеді, келесі айдың басында бекітуді жоспарлап отырмыз, содан кейін ресми түрде хабарлаймыз. Енді кез келген ЖОО студенті министр жанындағы арнайы өкілетті уәкілге жүгіне алады», - деп жауап берді Саясат Нұрбек.

Бұған дейін Ғылым және жоғары білім министрі өз балаларының қайда білім алып жатқаны туралы журналистер сұрағына жауап берген еді.

Сонымен бірге, 2500 қазақстандық студент Ресей мен Украинадан отандық ЖОО-ларға ауысқан.

Одан бөлек, Саясат Нұрбек студенттерге жатақхана тапшылығы қалай шешілетінін түсіндірген еді.



Соңғы жаңалықтар