Студенттер жатақханасына мұқтаж үш өңір белгілі болды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өңірлік жергілікті атқарушы органдар жатақхана құрылысына 134 жер телімін бөлді. Бұл туралы бүгін Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біріншіден, біз жоғары оқу орындарымен, колледждермен, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жатақханалардағы қажетті орындарды анықтадық. Бүгінгі күні өңірлік шекте алып қарайтын болсақ, Алматыға 23 мың, Астанаға 17 мың және Оңтүстік Қазақстан облысына 11 мың жатақхана орны қажет. Екіншіден, жергілікті атқарушы органдармен жатақхана салуға арналған жер телімдерін анықтау жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта әкімдіктер оқу орнының жанында орналасқан және білім беру ұйымдарына тақау аймақтан шамамен 134 жер учаскесін бөлді», - деді вице-министр.

Оның айтуынша, жатақхана салу тетіктері әзірленген. Алдымен жатақхананың жобасы әзірленіп, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Қаржы орталығы мен банк арасында келісімшарт жасалады. Одан кейін жоғары оқу орны немесе құрылысшы компания банктен займ алады.

«Жатақхана пайдалануға берілгеннен кейін ол мемлекет тарапынан өтемақы төлемін алатын болады. Өтемақы төлеудің мерзімі шамамен 8 жылды құрайды. 8 жыл бойы мемлекет оған бір төсек орынға кеткен барлық инвестициялық шығындарын өтейді. Біз бұл тетікті есептеп шығып, Қаржы министрлігімен бірге бекіттік. Жоғары оқу орындарымен де талқыладық», - деді ол.

Айта кетейік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 5 әлеуметтік бастамасы аясында еліміздің өңірлерінде студентерге арналған 75 мың орындық жатақхана салынатын болады.

Соңғы жаңалықтар