Студенттер прокторинг жүйесінде емтихан тапсыруға дайын

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Студенттердің білімін тексеру және білім сапасын қамтамасыз ету үшін көптеген жоғары оқу орнына прокторинг жүйесі енгізіліп отыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директорының орынбасары Бану Нарбекова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Пандемия басталғалы, күзгі семестрден бастап министрлік тарапынан бірқатар әдіснамалық нұсқа, нормативтік-құқықтық актілер жасалды. Көптеген іс-шара аясында біз тікелей жоғары оқу орындарымен жұмыс істеудеміз. Бүгінгі таңда жоғары оқу орындарының 95% студенттерді қашықтан оқытса, 5% аралас, яғни онлайн, офлайн форматта оқып жатыр. Студенттер педагогика, гуманитарлық, ІТ мамандықтары бойынша қашықтан оқыса, медицина, ауыл шаруашылығы, техника, құрылыс бағытында аралас форматта білім алып жүр», - дейді БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директорының орынбасары Бану Нарбекова.

Оның айтуынша, жоғары оқу орындарына техникалық жабдықтау ғана емес, инфрақұрылым мен білім платформасын ұйымдастыру үшін қаражат көзі қажет болды.

«Қаражат көзі тікелей жоғары оқу орындары тарапынан бөлінді. Қысқы сессияға дайындық барысында тікелей контент, оның ішінде электронды лекцияларға, видеолекцияларға, сессияға дайындық барысында тестілеу жүргізуге қатысты студенттермен де бірнеше вебинар, тренинг жүргізді. Студенттердің білімін тексеру және білім сапасын қамтамасыз ету үшін көптеген жоғары оқу орнына прокторинг жүйесі енгізіліп отыр. Оның бірнеше деңгейі бар, студенттер сол деңгейлер негізінде емтихан тапсыруға дайын»,- дейді ол.


Соңғы жаңалықтар