Студенттер пара бере ме - «Jas Otan» зерттеуі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Jas Otan» жастар қанаты жүргізген сауалнама қатысқан студенттердің 10 пайызы пара бергендіктерін айтқан. Бұл туралы бүгін «Nur Otan» «Jas Otan» жастар қанатының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, 2019 жылдың 27 қарашасы мен 2020 жылдың 14 ақпаны аралығын «таза сессия» акциясының екінші кезеңі өткізіліп, оған қатысқан 20 710 студент жасырын түрде пәндік 21 сұраққа жауап берген.

«Сауалнама қатысқан студенттердің 63,3 пайызы 15 өңір мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларындағы 64 жекеменшік жоғары оқу орындарында екінші және одан жоғары курстарда оқиды. Шамамен 23 пайызы мемлекеттік грантпен білім алып жатыр. Жалпы, бізде 70-тен астам жекеменшік жоғары оқу орны бар. Дегенмен, үнемі әділдік жайында айтатын кейбір жоғары оқу орны бұл шараға қатыспады. Олар: ҚМЭБИ мен Narxoz. «Сіз оқитын ЖОО-да сыбайлас жемқорлық бар ма?» деген сауалға қатысушылардың 12,5 пайызы «иә» деп жауап берген. Респонденттердің 33 пайызы мұндай фактілермен өздері немесе туыстары мен таныстары бетпе-бет келгенін айтқан. Ал 23 пайызы сыйбайлас жемқорлық жайында БАҚ-тан немесе өзге де дереккөздерден естіген. Жалпы, сауалнамаға сәйкес, оған қатысушылардың 10 пайызы пара берген», - деді Е.Бейсенбаев.

Сонымен қатар ол сауалнама студенттер арасында сыбайлас жемқорлық фактілері түрткі болатын негізгі жайттарды да анықтауға мүмкіндік бергенін айтады.

«Студенттердің пікірінше, сыбайлас жемқорлық фактілері дипломдық жұмыстар, аралық бақылау, курстық жобалар және жатақханаға орналасу барысында жиі орын алады», - деді «Jas Otan» жастар қанатының жетекшісі.


Соңғы жаңалықтар