Студенттер кофе тасып жүрмейді – Агенттік жастарды тағылымдамаға шақырды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Кадр жұмысы департаментінің басшысы Нұрлан Жақсымбетов агенттіктегі студенттік тағылымдамалардың жаңа форматы туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Талант-менеджментті енгізу бойынша да жоспар көп. Олардың бірі - сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтегі студенттік тағылымдамалар мен тәжірибеден өтудің жаңа форматын енгізу. Тағылымдамаға келген студенттерді папка тіктіруге, кофе тасуға мәжбүрлеуден арыламыз. Жалпы әлімжеттіктен түбегейлі бас тартуымыз қажет. Студенттердің мемлекеттік қызметтен жеріп кетпей, нақты жұмыс үйреніп, жұмыс істеуге ынталануы үшін ЖОО-лармен жаңа бағдарламалар әзірлейміз», - деді Н. Жақсымбетов.

Сонымен бірге, спикер студенттер арасында «Жемқорлыққа қарсы қызметтің 30 жаңа есімі» жобасы басталатынын хабарлады.

«Агенттік төрағасының шешімімен Жастар жылы аясында өткізіледі. Бұл жоба жемқорлыққа қарсы қызметтің жаңа буынын қалыптастырудың алғашқы қадамы болмақ. Яғни, әділдік, адалдық және сенім негізінде студенттерден жоғары білікті мамандарды даярлап шығарамыз. Орталық пен өңірлерде офицер, тергеуші, бас маман және сарапшы лауазымдары арасында конкурстар жүргізіледі», - деді Нұрлан Жақсымбетов.

Айта кетейік, бұған дейін Агенттік өкілі қызметкерлердің жеке адалдық картасы туралы баяндаған болатын.


Соңғы жаңалықтар