Студенттер қаржылық сауаттылығын арттырып, интернет алаяқтықтан қорғануды үйренеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандық университеттер қабырғасында студенттердің қаржылық сауаттылығын арттыру және интернет алаяқтықтан сақ болуға үйрететін курстар пайда болады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру бойынша ауқымды іс күтіп тұр. Осы орайда, Mastercard компаниясымен бірлесіп жоғары оқу орындарында қаржылық сауаттылықты арттыруды қолға алмақпыз. Сауаттылықты көтеруді тек студентттер арасында ғана емес, барша халық үшін кеңінен ұйымдастыру керек. Қаржы технологияларының мүмкіндіктері кеңейіп келеді. Сәйкестендіру, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қаржылық транзакция және дербес деректерін қорғау саласында айтулы сын-тегеуріндер бар. Осы орайда, біздің жастар ең үздік курстарға қатысуға мүмкіндік алады», - деді Саясат Нұрбек елордада өткен электрондық коммерция мектебінің жұмыс қорытындысына арналған шара барысында.

Министр қаржылық сауаттылықтың таяздығы кей кезде қайғылы жағдайға душар ететініне де тоқталды.

«Өкінішке қарай, құмар және онлайн ойындарға үйір, ұтыс тігетін және онлайн кредит алатын азаматтардың саны азаймай тұр. Әсіресе, жастар арасында. Кейбір жағдайда қаржылық сауаттылығы таяз азаматтар аталған ұйымдардың алдауына түсіп қалып жатады. Нәтижесінде тығырықтан шығу жолын таппаған жастар суицидке қадам басады», - дейді ол.

Жиын барысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Орталық Азиядағы Mastercard компаниясының бас директоры Рафал Трэпка екіжақты меморандумға қол қойды.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, биыл елдегі 70 университет базасында «Күміс университет» орталығы ашылмақ.


Соңғы жаңалықтар