Студенттер «Астана» ХҚО-да іс-тәжірибеден өте алады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 1-7 қазан аралығында әлем бойынша World Investor Week өтеді. Соның аясында «Астана» Халықаралық қаржы орталығы да өз шараларын өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Астана» Халықаралық қаржы орталығының басқарушы директоры Ернұр Рысмағанбетовтың айтуынша, аталған шаралар бірнеше қалада өтеді.

«Бас кезінде біз Астана мен Алматыны ғана қамтуды ойлағанбыз. Сосын ойлап қарасақ, ол жерде онсыз да көп шаралар өтеді екен. Сондықтан Қарағанды, Атырау, Өскемен, Қостанай мен Шымкентті қостық. Келесі жылы шаралардың ауқымын тағы кеңейтеміз. Сол қалаларда біз арнайы конкурс жариялаймыз. Соның нәтижесі бойынша студенттер жазда «Астана» Халықаралық қаржы орталығында өндірістік іс-тәжірибеден өте алады. Сол үшін ақша да төленеді. Осылайша, біз барлық жастарға Халықаралық қаржы орталығын көріп, сол жерде жұмыс істеуге мүмкіндік беруді көздейміз», - дейді Е.Рысмағанбетов. 

Айта кетейік, ағымдағы жылы 5 шілде күні «Астана» Халықаралық қаржы орталығы ресми түрде ашылды. Орталықта посткеңестік кеңістікте алғаш рет ағылшын коммерциялық құқығы қағидаттарына және Лондон, Нью-Йорк, Гонконг, Сингапур, Дубай сияқты әлемнің жетекші қаржы орталықтарының стандарттарына негізделген дербес құқығы бар арнайы юрисдикция енгізілді. Коммерциялық және азаматтық дауларды қарастыратын АХҚО-ның тәуелсіз соты және Халықаралық төрелік орталығы құрылды.

АХҚО базасында әлемнің үздік халықаралық стандарттарға сәйкес келетін жоғары технологиялық биржасы (AIX) іске қосылды. Шанхай қор биржасы және NASDAQ AIX-тің стратегиялық серіктестері атанды.  Астанаға халықаралық сарапшыларды тартуды жеңілдететін «Экспат орталығы» құрылды. АХҚО «бір терезе» жүйесін, оңайлатылған виза беру режімін, тіркеу, жұмыс істеуге рұқсат алу және басқа да рәсімдерді ұсынады. АХҚО-ны дамытудың негізгі стратегиялық бағыттары: капитал нарығы, активтерді басқару, жеке тұлғалардың дәулетін басқару, исламдық қаржыландыру, қаржылық технологиялар болып табылады.

Соңғы жаңалықтар