Студентке нашар білім беріп, сапаны көтеруді ойламайтын әскери кафедраларды жабу қажет – Білім министрі
2022 жылғы 20 мамыр 12:26

Студентке нашар білім беріп, сапаны көтеруді ойламайтын әскери кафедраларды жабу қажет – Білім министрі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов университеттердегі әскери кафедраларды оңтайландырып, қайта қарауды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мерзімді әскери қызметін өтеп жүргендердің білім алуға мүмкіндіктері аса көп емес. Сол себепті олар үшін жаппай онлайн курстар ашуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ сарбаздардың оқу нәтижелерін қайта тексеруге және қысқа мерзімді курстардан өтіп, біліктілік емтиханын тапсырып, оларға жұмысшы мамандығын алғаны туралы диплом беруге дайынбыз», - деп жазды Білім министрі өзінің Facebook парақшасына.

Тағы бір маңызды бастама – кейбір әскери бөлімдерде колледждер ашу. Осы мәселе бойынша талдау жүргізіліп, нақты шешім қабылданады.

«Университеттердегі әскери кафедраларды оңтайландырып, қайта қарауды ұсынамыз. Бізді олардың жұмысының сапасы мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдері алаңдатады. Студенттерге нашар білім беріп, сапаны көтеруді ойламайтын әскери кафедраларды жабу қажет деп санаймыз. Сондай-ақ әскери кафедралардың барлық қызметкерін қайта аттестациядан өткізу керек. Оқуға қабылдаудың нақты, ашық және шынайы ережелерін қабылдаған дұрыс. Сонымен бірге мемлекеттік тапсырыстың құнын арттыру қажет», - дейді А. Аймағамбетов.

Бұған дейін Білім министрі әскери борышын өтеген және «Кадет» сыныбын бітірген түлектер университетке грант алу үшін 5% квота бөлінетінін жазған еді. Оған қоса, университет түлектері әскери қызметтен өтсе, грантты өтеуден босатылады.



Jańalyqtar

MURAǴAT