Студент өліміне қатысты айыпталушы кінəсін мойындамады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін ҚазҰАУ студенті Дидар Болысбектің қазасына қатысты сот процесінде сотталушы Тойшыбек Асамов болған оқиғаның мән-жайын баяндап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі сот залынан.

Сотталушы өзінің Дидарды ұрмағанын жеткізді.

«Маған тағылған айыпты мойындамаймын. Өйткені, мен оны ұрған жоқпын, оны оятуға тырыстым. Ол күні ұйқыда болатынмын. Түн ішінде мені біреу жұлқылап оятты. Бәрі 1-курстағы Камал деген баланың қарсылық білдіргенінен басталған болып шықты. Досболдың бөлмесінде Дидарды Досбол тізесімен екі рет соқты. Сосын Дидар жамбасымен құлады. Бірден білдім, тілі кетіп бара жатқанын. Жүгіріп барып Дидар «оян, оян» деп шапалақтай бастадым. Мақсат аузын ашуға тырысты. Мақсаттың қолын тістеп алды. Қасық керек деген соң қасықты бердім. Бірден 230 бөлмеге бардық. 2-курс студенті Бауыржан мен Самғат  тапаншаны жасыр, әйтпесе басымызға бәле болады деп жатты. Курстасымыз Ерлан Жапар: «1 курстарға баспалдақтан құлап кетті, содан соң бөлмеге апардық деп айтамыз. Бәріміздің сөзіміз бір жерден шықсын» деді. Содан жедел жәрдем келді. Ал, бізді  ішкі істер бөліміне алып келді. Ерлан бір полиция қызметкерімен сыртқа шығып, жеке сөйлескен соң «мына қылмысты біреуіміз мойнымызға алуымыз керек екен. Тойшыбек сен ал, 2 күннен кейін шығарып аламыз», деді. Мен қарсы болдым. Сонда да басыма қапшық кигізіп тұншықтырды, бәрі жабылып ұрды», - деді Тойшыбек Асамов.

Оның айтуынша, 1-курс студенттерін қорқытып ақша бопсалаумен басқалар айналысқан. Бауыржан Несіпбай есімді студент тапанша, Жақсылықов Самғат пышақ арқылы 1 курс студенттерін қорқытып ұстаған.

Асамовтың қорғаушысы Тойбек Жолдасов іс материалдарына тіркелген №806 сот-медициналық сараптамасының шынайылығына күмән келтіріп, марқұмның денесін қайта қазып алып қосымша тағайындауды сұрады. Сондай-ақ, оқиға болған жердегі хаттаманың обьективтілігіне шүбәланып, оқиға болған жерді қайта қарап шығуға өтінім білдірді.

Алайда сот қорғаушының өтінімдерін қанағаттандырмады.

Айта кетейік, қайғылы оқиға 12 сәуірде ҚазҰАУ жатақханасында болған еді. Бірінші және екінші курста оқитын 10-нан астам студент жатақханада төбелесіп, соның салдарынан 17 жастағы Дидар Болысбек қаза болған еді. Кейінірек полиция аталған оқу орнының 2-курсында оқитын 2 студентті ұстады. Сот алдында олардың біреуі ғана - Тойшыбек Асамов жауап беруде. Оған ҚР ҚК 106-бабының 3-бөлігі (адам денсаулығына қасақана ауыр нұқсан келтіру), ҚР ҚК 194-бабының 1-бөлігі (күштеп мүлкін тартып алу) бойынша айып тағылып отыр.

Соңғы жаңалықтар