Стратегиялық мақсаттарға жетудің негізгі кепілі - білім беру жүйесін дамыту - Мәжіліс депутаты Мәулен Әшімбаев

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Білім беру жүйесін дамыту «Қазақстан-2050» стратегиялық мақсаттарына жетудің негізгі кепілі болып табылады. Мұндай пікірді бүгін Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық универститетінде өткен кездесу барысында ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Мәулен Әшімбаев білдірді.

«Қазіргі заманда нағыз бәсеке білім беру жүйесі мен ғылыми жүйе арасында болып отыр. Ал, бәсекеге қабілетті мамандарды ұстаздар даярлайды. Болашақ мамандар бірнеше шет тілін білгені абзал. Ағылшын тілін білу міндет болса, қытай, араб тілдерін білу артық етпейді. Күн сайын жаңаратын ақпарат заманында жастар үздіксіз оқуы керек. Сонымен қатар, мамандардың сыни ойлау қабілетін қалыптастыру қажет. Өзіне керекті ақпаратты алып, сараптама жасай алмаса, ол адамның жақсы маман бола қоюы қиын», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мәулен Әшімбаев.

Шара барысында депутат жиналған қауымға ҚР Парламенті Мәжілісінің халықаралық істер, қорғаныс, қауіпсіздік комитетінің 2012 жылдан бері атқарған жұмыстары жайлы баяндап өтті.

Оның айтуынша, ҚР заң шығарушы органы 200-ге тарта заң жобасын қабылдаған.

«Осы 200-ге тарта заңдардың жартысына жуығы біздің комитеттің бастамасымен қабылданды. Жақында біз халықаралық келісімдер туралы заңнаманы жетілдіру туралы заңды қабылдадық. Бұл заңнама ұлттық мүдделеріміздің сыртқы саясатта қолданылуын, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуді қамтамасыз етеді. Заңға халықаралық келісімдердің бір нұсқасы міндетті түрде қазақ тілінде болуы керек деген норманы енгіздік. Биылдан бастап бәрі қазақша жүріп жатыр, - деді халық қалаулысы.

Оның айтуынша, комитеттің бастамасымен шекарадағы қауіпсіздікті қамтамасыз ететін мемлекеттік шекара туралы заңды Мәжіліс қолдап, Елбасы қол қойды.

«Қазір мемлекеттік шекарамызды айқындап алдық. Енді шекара белгілерін өзгертуге мүмкіндік беретін бұрынғы нормалар өз күшін жойды. Бұл дегеніңіз - біздің тәуелсіздігіміздің символы болып отырған мемлекеттік шекарамыз бекітіліп, мызғымас атрибутқа айналды деген сөз», - деп қорытындылады сөзін Мәжіліс депутаты Мәулен Әшімбаев.

Соңғы жаңалықтар