Стратегиялық әріптестік қадамдары - республикалық басылымдарға шолу

None
None
>***

 

 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Италия еліне жасаған ресми сапары жайында «Егемен Қазақстан» газетінде мақала жарық көрді. Жарияланымда Мемлекет басшысының Италия Республикасының Премьер-Министрі Сильвио Берлусконимен кездескені жайында жазылған. «Қазақстан басшысы басқа ел­дердің лидерлерімен кездескенде, келіссөз жүргізгенде өз Отанының мүд­десін қатты қорғайтыны бел­гілі. Әлбетте, мұндай қасиет әріптестеріне де тән екенін біле тұра, солай жасайтыны бар. Мұндайда олардың бір-бірін түсінуі, бір-бірін құрметтеуі айрықша маңызды. Барыс-келіс сапарлар барысында да, келіссөздер кезінде де Нұр­сұл­тан Әбішұлының айрықша түсінісетін басшыларының бірі Бер­лус­кони екендігіне көзіміз жете түс­кен. Келісімге келуші басшы­лар шеше алса, олардан кейінгі орындаушылар алысқа кетпейтіні аян ғой. Қазақстан мен Италия ара­сын­да осындай бір-бірінен алыс­қа кетпеушілік, яғни бір-біріне ұм­ты­лушылық айқын байқалады», деп жазады басылым. Мақала «Стратегиялық әріптестік қадамдары» деген тақырыппен берілген.

 Сонымен қатар осы газетте жарияланған келесі мақалада кеше Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Италия Республикасына ресми сапарын аяқтаған соң, Римдегі Ватикан Мемлекетіне ресми сапармен келгендігі  жайында жазылған. Мемлекет басшысының Рим Папасы Бенедикт ХVІ-мен кездесуі жайындағы толық мағлұматты  басылымда жарық көрген «Қасиетті тақпен қатынас нығая түсті» деген мақаладан оқи аласыздар.

 Сондай-ақ  басылымның «Парламент» атты арнаулы бетінде еліміздің заң шығарушы органының қызметіне қатысты бірнеше мақала топтамасы жарық көрген.  

***

Елбасының осы сапары жайында «Айқын» газеті де кеңінен жазған.

  «Айқындалмаған  ақиқат немесе ренішке толы баспасөз мәслихаты туралы» деген тақырыппен «Айқын» газетінде жарық көрген мақалада кеше ҚР Ауыр атлетика федерациясы ұйымдастырған баспасөз мәслихаты жайында айтылған. Оған басты себеп Бейжің олимпиадасында Қазақстан қоржынына алтын медаль салған Илья Ильиннің осыдан біраз бұрын өзінің материалдық жағдайының нашарлығы жайында айтқан мәлімдемесі болды. Айтылған жайт төңірегіндегі толық ақпаратпен басылымның бүгінгі санынан хабардар боласыз.

 Алматыдағы  Әлемдік экономика және саясат институтында «Қазақстандағы азаматтық қоғам: ахуалы мен болашағы» атты халықаралық конференция өтті. Аталған институт пен Қазақстанның тұңғыш Президенті қорының ұйымдастыруымен өткен жиынға бірқатар шет мемлекеттердің елшілері мен консулдары, сарапшылар мен саясаткерлер қатысты, деп жазады «Айқын» газеті. Халықаралық конференцияда айтылған жайттармен осы басылымда жарық көрген «Қазақтілді үкіметтік емес ұйымдарға қашан көңіл бөлінеді?» деген мақаладан егжей-тегжейлі таныса аласыздар.

 Осы басылымда Астана қалалық тілдерді дамыту басқармасының бастығы Оразгүл Асанғазымен арадағы сұхбат жарық көрді. «Анамыздың тілін көздің қарашығындай қастерлеп, қасиетіміздей кие тұтуға тиіспіз» деген тақырыппен берілген екеуара әңгіменің толық нұсқасын  газеттің  3-ші бетінен оқи аласыздар.  

***

«Астана ақшамы» газетінің сенбілік санында «Сауалдар сәт сайын түсіп жатыр» деген тақырыппен мақала жарық көрді. Онда қарашаның 13-інде Елбасы Н.Назарбаев халықпен тікелей байланысқа шығатындығы айтылып, қазіргі уақытта Елбасына жолданып жатқан сауалдардың нақты деректері келтірілген.

 Осы басылым «Қазақстанның ел бірлігі доктринасы» атты талқылауға арналған жобаны оқырман назарына ұсынған.

***

«Қазақстанда исламдық банк ашылмақ. Мұндай мәлiметтiң елдi кезiп жүргенiне бiршама уақыт болды. Әзiрге ҚР Әдiлет министрлiгiнде тiркеуден өтiп жатқан «Әл- Хилал» банкiнiң ашылу салтанаты 2009 жылдың соңына жоспарланып отыр. Дегенмен, ислам мемлекеттерiнен келген «Islamic Financial Services Board», «Cham Islamic Bank» сияқты iрi банктер ел-елде өз филиалын ашуға тырысып бағуда, бұл исламдық банктердiң даму қарқынының үдей түскенiн көрсетсе керек. Әсiресе, олардың Орталық Азия мемлекеттерiне деген ұмтылысы айрықша. Соның iшiнде халқының 90 пайызға жуығын мұсылмандар құрайтын, әлемдiк экономикада қарыштай қанат жайып келе жатқан Қазақстанда аталмыш банк құрылымы өте ыңғайлы болып отыр», деп жазады «Түркістан» газеті. Аталмыш жайтқа қатысты толық ақпарат «Исламдық банктер Қазақстанға бет бұрды» деген мақалада берілген.

***

«Қырғызстан экстремистермен күреспекші». Осы тақырыппен «Ана тілі» газетінде шағын мақала жарық көрді. «Апта басынан бері қырғыз ағайындар жұмылып кеңес құрып, қызу талқыласу үстінде. Дәлірек айтқанда, бұған дейін айтылмай келген діни тақырып қозғалып, талайдың есін алуда. Сол жиынның негізгі себепшісі болған жайт, Қырғызстан Парламентінің депутаты, басқарушы «Ақ жол» партиясының өкілі Эрнест Акрамов өзі мүше болып табылатын Парламент фракциясы жиналысында діни экстремистердің мемлекет билігін басып алуы әбден мүмкін екендігін мәлімдеді», деп жазады басылым.

***

«Казахстанская правда» басылымның жазуынша, кеше Мемлекет басшысының атына түскен сауалдардың саны 10 мыңнан асып түскен. Ал бір күнде  1500-2000 сауал қойылуда. Түсіп жатқан сауалдардың басым көпшілігі халықты әлеуметтік қорғау, тұрғын үй құрылысы саласында болып отыр.  

 Қазіргі заманғы жағдайда республиканың металлургиялық алыбы  «АрселеорМиттал Теміртау» АҚ-ның жұмысы қалай өрбуде? Бұл сауалға осы кәсіпорынның бас директоры Франк Паннир аталмыш газетке берген сұхбатында толық жауап берген.

 «Время», «Экспресс-К» газеттерінің сенбілік санында Олимпиада чемпионы Илья Ильинге жалақы төленбей отырғандығы жазылған. Бұл мәселені Мәжілістің жалпы отырысында Қызылорда облысынан сайланған депутат Мұрат Әбенов көтерген. Осы жайтқа қатысты мақалалармен аталған басылымдардың бүгінгі санынан толық мағлұмат аласыздар. 

Соңғы жаңалықтар