Стивен Хокингпен кездескен тараздық оқушы өз әсерімен бөлісті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Тараздық оқушы Исаак Мустопуло министр Сағадиевке Стивен Хокингпен кездесуі туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Білім және ғылым министрлігіне сілтеме жасап.

Еске сала кетсек, танымал британдық ғалым, астрофизик Стивен Хокинг тараздық Исаак Мустопуломен жолығуды қалады және оны Кембридж университетіне шақыруға уәде берген еді.

Сал ауруына шалдыққан Исаак Тараз қаласындағы №13 мектепте оқиды. Бірақ сырқатына қарамастан ол 2015 жылы «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ және British Council ұйымдастырған байқудың арнайы сыйлығына ие болды. Байқау барысында жас ғалым «Үндестік теориясы» деп аталатын видеоролигін ұсынды. Онда ғарыш аппараттарына арналған электр энергиясының өндірістік процесі көрсетілген. Сол бейнероликте Исаак Кембриджде сабақ беретін астрофизик Стивен Хокингпен танысқысы келетінін айтқан болатын.

Исаактың арманы орындалды. Кездесу Ұлыбританияға жасалған оқыту-таныстыру сапары аясында жасалды.

Таразға жұмыс сапары барысында ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Исаакпен кездесті және танымал ғалыммен кездесуден алған әсері туралы сөйлесті.

 «Стивен Хокинг мені қуанышпен қарсы алды, үлкен қызығушылықпен сөйлесті. Сол сәтте армандардың орындалатынына көзім жетті. Сенесіз бе, Кокинг мені Кембридж университетіне білім алуға шақырды. Бірақ, мен бакалаврды Қазақстанда оқығым келеді. Менің арманым - Назарбаев университетіне түсу. Магистратураны Кембриджде оқитын шығармын», - дейді Исаақ Мустопуло.

Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев тараздық оқушының оқуға деген ынтасына қолдау білдірді және мүмкіндігі шектеулі балалардың өзгелермен тең дәрежеде білім алуына жағдай жасау мәселесінің маңыздылығын еске салды.

«Қазақстанда инклюзивті білім беруді дамытуға басты назар аударатын боламыз. Исаак секілді балалар еш нәрседен шектеу көрмеуі керек. Жалпы алғанда, сапалы білім барлық қазақстандық балаларға қолжетімді болуы тиіс», - деді министр.

Соңғы жаңалықтар