Степногорск қаласының әкімдігі қатты қалдықтар полигонындағы өртке шағымданды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Степногорск қаласындағы қатты қалдықтар полигонындағы өрттің салдарымен күрес жалғасып жатыр. Соның салдарынан жергілікті тұрғындар 1 аптадан бері түтінге тұншығып отыр. Қаланы көк түтін басқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Степногорск қаласының тұрғындары осы оқиға туралы әлеуметтік желілерге де жабыла жазып жатыр.

«Степногорскідегі қатты қалдықтар полигоны ерекше нысан. Мұнда қағаз, полиэтилен, пластик сияқты тез тұтанатын қалдықтар көп тасталады», - дейді Степногорск қаласына қарасты төтенше жағдайлар басқармасының өкілдері Instagram парақшасындағы жазбасында.

Құтқарушылардың айтуынша, полигонда өрт бірнеше түрлі себептерге байланысты тұтанады. Ол полигонға әкелінген жанып бітпеген қалдықтардың салдарынан, адамдардың қалдықтардың ортасына от тастауынан және полигонға кейде химиялық заттар әкелініп, тастайды да одан химиялық реакция туындайды.

«Степногорск полигонындағы өртnі сөндіруге өрт сөндірушілер биылғы жылы 4 рет шығып, 8 сағат жұмыс үстінде 110 текше метр су шығындаған. Өртті сумен сөндіруден нәтиже болмады, өйткені өрт қалдықтардың түбіне өтіп кеткен, ал су қалдықтардың бетін ғана ылғалдандырады. Қалдықтарды бульдозер, трактор сияқты техникалардың көмегімен көмген дұрыс. Сонда қалдықтардың арасына ауа кіру мүмкіндігі азаяды. Соның салдарынан өрттің де лаулап жануына кедергі келеді. Өзге тәсіл тиімсіз, мұны тәжірибе көрсетті. Бізде мұндай өрттерді сөндіруге ыңғайлы техника жоқ. Дегенмен қазіргі таңда Степногорск қаласының әкімдігімен бірлесіп, полигондағы өртті сөндірудің амалдары қарастырылуда», - дейді Степногорск қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының өкілдері.

Бұл жағдайға қатысты Степногорск қаласының әкімдігі де әлеуметтік желіде пікір білдірді.

«Біздің жіберген сұрауымызға «Құрылыс МТК» ЖШС өртті сөндіру жұмыстары ұжымның өз күшімен жүргізіліп жатқандығын хабарлады. Басқадай шаралар қолданатын қажетті техника жоқтың қасы. Осыған байланысты әкімдік өзге ұйымдардан арнайы техника тартуға мәжбүр болды», - деді Степногорск қаласы әкімдігінің өкілдері.

Ведомствоның хабарлауынша, қатты қалдықтар полигоны «Құрылыс МТК» ЖШС сенімді басқаруына берілген. Яғни полигоннан қоршаған ортаға келетін зиян үшін осы ұйым жауап береді.

Осы себепті немесе келісімшартта көрсетілген талаптарды орындамауына байланысты серіктестікке жіберілген кемшіліктерді жойып, болашақта ондай жағдайларды болдырмау жөнінде сотқа шағым түсірілген. Әкімдік шағымды прокуратура мен өзге де құзырлы органдарға жолдаған.

Автор: Оксана Матасова

Соңғы жаңалықтар