Степногордегі мектеп-интернатының тәрбиеленушілері төменгі сынып оқушыларына әлімжеттік жасаған

None
None
СТЕПНОГОР. ҚазАқпарат - Ақмола облысында Степногор спорт интернатында орын алған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы жақында Step News арнасында Степногор қаласының спортта дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернатында әлімжеттік туралы түсірілген видео пайда болды. Жазбадан жоғары сынып оқушыларының өздерінен төменгі сыныптағы оқушыларға жәбір көрсеткенін көруге болады.

Ақмола облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Степногор мектеп-интернатында дене жарақатын салу оқиғасына қатысты Қылмыстық кодекстің 141-ші бабы «балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау» және Қылмыстық кодекстің 194-ші бабының 2-ші бөлігі «бопсалау» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

«2021 жылдың 21 қазанында спорттағы дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының тәрбиеленушілері, 8 - сыныптың кәмелетке толмаған үш оқушысы бұрын жеке өшпенділік қарым - қатынас аясында 7-сыныптың екі оқушысына дене жарақатын салғаны және оны телефонға түсіргені алдын ала анықталды», - деп түсіндірді ведомстводан.

Ведомстводан атап өткендей, қазіргі уақытта сот-медициналық сараптама тағайындалды, тергеу амалдары жүргізілуде.

Сонымен қатар, дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі мектеп-интернат әкімшілігі тарапынан тәртіп бұзушылық оқиғасы бойынша қызметтік тергеу жүргізілгенін хабарлады.

«Кінәлі оқушы-спортшылар мектеп-интернаттан шығарылды. Осы оқиғаға жол берген қызметкерлерге мектеп әкімшілігі әкімшілік жазалау шараларын қолданды. Барлық материалдарды зерделегеннен кейін Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы тарапынан тексеру жүргізілетінін және кінәлілер ҚР қолданыстағы заңнамасына сәйкес жауапқа тартылатынын қосымша хабарлаймыз», - деп түйіндеді ведомстводан.


Соңғы жаңалықтар