Степногор қаласының әкімі «Алтын белгі» иегерлеріне ерекше үлгідегі аттестаттарды тапсырды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Степногор қаласында оқу жылын «Алтын белгіге» бітірген оқушыларға ноутбуктер мен облыс әкімі тағайындаған ақшалай сыйлық алу үшін сертификаттар тапсырылды. Бұл туралы облыстық ішкі саясат басқармасының баспасөз қызметінен хабарлады.

Салтанатты кешке қаладағы 430 түлек пен олардың ата-аналары, туған туысқандары және ұстаздар қауымы қатысты. Түлектерді құттықтаған қала әкімі М.Тақамбаев мектеп бітірушілерге үлкен өмірде сәт сапар тіледі.

«Еліміздің жарқын болашағы сіздердің қолдарыңызда. Алдарыңызда талай сындар тұр. Сол сындардан сүрінбей өтіп, көп жылдар бойы өздеріңізді тәлім-тәрбие беріп, білім нәрімен сусындатқан ата-аналарың мен ұстаздарының сенімін ақтауды тілеймін. Жоғары білім алып, өздеріңіздің туған қалаларыңда жоғары білікті маман ретінде қызмет істейтіндеріңге сенемін», - деді өз сөзінде қала әкімі М.Тақамбаев.

Осыдан кейін қала әкімі «Алтын белгі» иегерлеріне ерекше үлгідегі аттестаттарды тапсырды. Сондай-ақ, осынау белгінің иелеріне облыс әкімінің атынан тағайындалған ақшалай сыйлық алу үшін белгіленген сертификаттар мен «Степногоравтотранс», «Теплотранзит» ЖШС, «Степногор подшипник зауыты» АҚ басшыларының атынан ноутбуктер салтанатты түрде тапсырылды.

Степногор қаласының 50 жылдығымен сәйкес келген мектеп бітірушілердің кеші сән-салтанатпен аталып өтілді.

Еске сала кетсек, биыл облыс бойынша 4400 бала мектеп бітірсе, оның 3023 түлек ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. Алайда, ҰБТ-ға қатысқан 587 бала тиісті межеден өте алмай қалды. Сондай-ақ, «Алтын белгіге» үміткер 191 баланың 87-сі ғана білімдерін дәлелдей алған. Жалпы облыс бойынша орташа білім көрсеткіші 80,18 балды құрады. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 10 пайызға арттық.

Соңғы жаңалықтар