Степногор қаласында медициналық айықтырғыш пен жедел басқару орталығы ашылады

None
None
АҚМОЛА ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат - Жақын күндері Степногор қаласында 10 орындық медициналық айықтырғыш пен тұрғындардың қауіпсіздігі мен жол-көлік оқиғасын алдын-алу және ескерту мақсатында ІІБ жанынан жедел басқару орталығы ашылатын болады. Бұл туралы Степногор қаласына жұмыс сапарымен барған облыстық ІІД басшысы Жайлаубек Халықұлы мәлім етті, деп хабарлады ІІД баспасөз қызметінен.

Ішкі істер орындарының аумақтық бөлімшелерінің қызметін жақсарта түсу - бүгінгі күні ІІД басшыларының алдында тұрған басты міндет. Осы мақсатта облыстағы 10 қала мен ауданға жұмыс сапары ұйымдастырылып, ондағы ІІД басқармалары мен бөлімшелерінің материалдық-техникалық жағдайы саралануда. Степногор қаласына ұйымдастырылған сондай сапарлардың бірінде құқық қорғау органдарының қызметіне баға беріліп, алдағы күннің жоспарлары талқыланды.

"Бүгінгі күні құқық қорғау органдарының алдында тұрған негізгі міндет қоғамдық тәртіпті және тұрғындардың қауіпсіздігі мен олардың мүлкін қорғау болып табылады. Әсіресе, қылмыстың көбі ішімдік салдарынан орын алады. Сондықтан, қылмыстардың алдын алуда алкоголизммен күресу маңызды. Осы мақсатта ағымдағы жылдың мамыр айында Степногорде 10 орындық медициналық айықтырғышты іске қосамыз. Сондай-ақ, тұрғындардың қауіпсіздігі мен жол-көлік оқиғасының алдын алу және ескерту мақсатында осындағы ІІБ жанынан жедел басқару орталығын ашу да жоспарда бар", - дейді ІІД басшысы Ж.Халықұлы.

Өз кезегінде қала әкімі Мұратбек Тақамбаев кейінгі кездері Степногордағы жол-патрульдық қызметінің жұмысы ширай бастағанын, оған соңғы кездері қалада күнделікті орын алған түрлі қылмыстардың анықталуы айқын дәлел болып отырған айта келе, ведомство басшысына Изобильное селосындағы су тасқыны кезінде Бестөбе кенттік полиция бөлімшесінің қызметкерлері қызметін абыроймен атқарғаны үшін алғысын айтты.

Еске сала кетсек, сәуірдің 2-3 күндері Изобильное селосында су басу қауіпі салдарынан жергілікті тұрғындар қауіпсіз жерлерге көшірілген болатын. Сол кезде, ТЖ қызметкерлерімен қатар тұрғындардың мал-мүлкін қорғауды аға лейтенат Ержас Жарқынбеков пен Серік Сұлтанғазиев қамтамасыз еткен еді.

Сонымен қатар, қала әкімімен кездесу барысында "Қауіпсіз аула" бағдарламасы аясында шаһардағы үй аулаларына ішкі бейнебақылау камерасын орнату мәселесі де айтылды.

Соңғы жаңалықтар