Степногор қалалық ауруханасына күрделі жөндеу жүргізіледі

None
None
СТЕПНОГОР. ҚазАқпарат - Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев жұмыс бабымен Степногор қаласында болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аймақ басшысы Степногор қаласында салынып жатқан жалдамалы 45 пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарымен танысты. Аймақ басшысы бес қабатты тұрғын үйдің сапасына көңілі толмайтынын айтып, барлық кемшіліктерді тез арада жоюды және құрылыс жұмыстарын кестеге сай жүргізуді тапсырды.

Бұдан әрі аймақ басшысы олимпиада резервтерін даярлайтын облыстық Бөгенбай батыр атындағы мамандандырылған спорт мектебінде болды. Жиырма жылдың ішінде аталмыш мектептен 505 түлек түлеп ұшқан. Оның 248-і Қазақстан ұлттық құрамасының сапына алынған.

«Мұнда аймақ басшысы спорт нысанның залдарын аралап көріп, жаттықтырушылар құрамы және спортшылармен кездесті. Кездесуде спорт мектебінің ауыр атлетика залына жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 16 миллион теңгенің сертификатын тарту етті», - деді әкімдіктің баспасөз қызметіндегілер.

Ал Степногор көпбейінді қалалық ауруханасына жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық – сметалық құжаттар әзірлеуді тапсырды. Бүгінгі күні аурухана күрделі жөндеуді қажет етеді. Нақтырақ айтсақ, медициналық жабдықтарды ауыстырып, жансақтау, анестезия, интенсивті терапия бөлімшелері мен лифтіге күрделі жөндеу қажет. Аурухана 270 керуеттік, күндізгі станционарда 37 керует бар.

Шаһардағы амбулаторлық диализ орталығына келетін болсақ, медициналық мекеме мемлекеттік-жекешелік серіктестік шеңберінде салынған. Орталықта бүйрек дертіне шалдыққан науқастарға жоғары сапалы гемодиализ және гемодиальфитрация, трансплантациялық кезеңде терапия қызметтері ұсынылады. Орталықтың ашылуы арқылы Ақмола облысы тұрғындарының бүйрек ауруларын емдеуде қолжетімділігі артып келеді.

Сонымен қатар, аймақ басшысы жеке мәселелерімен келген степногорлықтарды қабылдап, қала әкімі Еркебұлан Баяхметовтың тұрғындар алдында есептік кездесуіне қатысты.


Соңғы жаңалықтар