Статистика: Қазақстандықтардың орташа жалақысы - 196 мың теңге

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті биылғы қаңтар-маусымдағы экономикалық және әлеуметтік секторлардағы статистикалық мәліметтерді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Экономикалық сектор

Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 2020 жылғы қаңтар-маусымда өткен жылдың осы кезеңіне қарағанда 99% құрады. Қысқа мерзімді экономикалық индикаторды есептеу жеделділікті қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылады және ЖІӨ-ің 60% астамын құрайтын ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс, сауда, көлік және байланыс сияқты негізгі салалар бойынша шығарылым индекстерінің өзгеруіне негізделеді.

2020 жылғы қаңтар-маусымда негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 5215,6 млрд теңгені құрады. Бұл 2019 жылғы қаңтар-маусымға қарағанда 2,9% аз.

Өнеркәсіп өндірісінің көлемі қолданыстағы бағаларда 12541,8 млрд теңгені құрды. Бұл 2019 жылғы қаңтар-маусымға қарағанда 3,1% артық. Кен өндіру өнеркәсібінде және каръерлерді қазуда өндіріс көлемі 2,2%, өңдеу өнеркәсібінде өндіріс – 4,8%, сумен жабдықтауда, кәріз жүйесі, қалдықтарды жинау және бөлуді бақылауда - 2,5% артты. Электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауа баптауда өндіріс көлемі 0,2% төмендеді.

Ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімінің (қызметінің) жалпы шығарылымының көлемі 1274,9 млрд теңгені құрап, 2019 жылғы қаңтар-маусымға қарағанда 2,4% артты.

Құрылыс жұмыстарының (қызметтерінің) көлемі 1603 млрд теңгені құрады. Бұл, 2019 жылғы қаңтар-маусымға қарағанда 11,2% артық.

Көлік және қоймалау саласы бойынша нақты көлем индексі 85,4% құрады.

Жүк айналымының көлемі 276,6 млрд т-км (коммерциялық жүк тасымалдаумен айналысатын дара кәсіпкерлердің жүк айналымы көлемін бағалауды есепке алғанда) құрап, 2019 жылғы қаңтар-маусыммен салыстырғанда 3,4%-ға кеміді. Жолаушылар айналымының көлемі 77,2 млрд ж-км құрап, 45,2% азайды.

Байланыс саласы бойынша нақты көлемі индексі 109% құрады.

Сауда саласы бойынша нақты көлем индексі 89,4%-ды құрады.

Бөлшек сауда көлемі 4613,1 млрд теңгені немесе 2019 жылдың тиісті кезең деңгейімен салыстырғанда 87,4% құрады (салыстырмалы бағада).

Көтерме сауда көлемі 10134,7 млрд теңгені немесе 2019 жылдың тиісті кезең деңгейімен салыстырғанда 92,1% құрады (салыстырмалы бағада).

Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 34938,5 млн АҚШ долларын құрап, 2019 жылғы қаңтар-мамырмен салыстырғанда 6,9% азайды, соның ішінде экспорт – 22321,2 млн АҚШ долларын (5,5% аз), импорт – 12617,3 млн АҚШ доллары болды. (9,3% % аз).

2020 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша тіркелген заңды тұлғалардың саны 452 783-ті құрады және өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 3,3% артты. Оның ішінде 444 140 субъектіде қызметкерлерінің саны 100 адамнан аз. Жұмыс істеп тұрған заңды тұлғалардың саны 321 408 құрады, оның ішінде 313 051 - шағын кәсіпорындар (100 адамнан аз).

Тұтыну бағасының индексі 2020 жылғы маусымда 2019 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 104,2% құрады. Азық-түлік тауарларға бағалар – 7,3%, азық-түлік емес тауарларға – 2,6%, халыққа арналған ақылы көрсетілетін қызметтерге 1,4% өсті. Өнеркәсіп өнімдеріне өндіруші кәсіпорындар бағасы 2020 жылғы маусымда 2019 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 18,1% төмендеді.

Әлеуметтік сектор

2020 жылғы мамырдағы халықтың орта есеппен жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табысы 108 808 теңгені құрады (алдын ала деректер). Бұл, 2019 жылғы мамырға қарағанда 4,8% жоғары. Нақты ақшалай табыс көрсетілген кезеңде 1,8%-ке төмендеді.

2020 жылғы маусымда бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы бағалау бойынша 196 922 теңгені құрады.

ХЕҰ әдістемесі бойынша анықталған жұмыссыздар саны 2020 жылғы I тоқсанда 442,4 мың адамды құрады. Жұмыссыздық деңгейі жұмыс күші санына 4,8% құрады. Жұмыспен қамту органдарында жұмыссыздар ретінде тіркелген адамдар саны 2020 жылғы маусымның соңына 184,9 мың адамды құрады немесе жұмыс күшіне 2%.


Соңғы жаңалықтар