«Спутник-V» вакцинасы неліктен қауіпсіз – маман пікірі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті балалар жұқпалы аурулары кафедрасының профессоры Ләззат Ералиева ақпан айында басталатын коронавирусқа қарсы вакцинацияның қауіпсіздігіне қатысты пікірімен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Коронавирус инфекциясына қарсы вакцина кез келген өзге вакцина сияқты иммунобиологиялық препарат екендігін түсіну қажет. Оның өзіндік көрсетілімдері мен қарсы көрсетілімдері болады, сонымен қатар ағзаға егілгеннен кейін қандай да реакциясы орын алуы да мүмкін. Ағзаға вакцина егілген кезде антидене пайда болады. Антидененің пайда болуы белгілі бір реакциямен қатар жүруі ықтимал. Адамдарда иммундық қарсылық әртүрлі жүруі мүмкін. Көп жағдайда реакция болмайды, бәрі қалыпты өтіп, адам еркін жүре береді және жұмысын жалғастыра алады. Ал кейбір иммундық қарсылық кезінде дене қызуы көтеріліп, вакцина салынған жер қызаруы немесе ісуі ықтимал. Бірақ, бұл да қалыпты дүние және ағзаның әрекет еткендігін және антидене бөле бастағанын білдіреді», - деді медицина ғалымы.

Ләззат Ералиева осы орайда таңдау неліктен Ресейде шығарылған Спутник-V вакцинасына түсіп отырғандығын түсіндіріп беруге тырысты.

«Егер ақпан айынан бастап қазақстандықтарға егілетін нақты «Спутник-V» вакцинасына қатысты айтар болсақ, қазіргі уақытта ол Ресейде шамамен 1,2 млн адамға егілді. Және де бірде бір жағымсыз реакция болған емес. Мұндай реакцияға ең алдымен анафилаксиялық реакция жатады. Вирустық инфекциялардың даму белгілеріне ұқсас катаральды симптомдар байқалуы мүмкін. Дегенмен, бұл да қалыпты жайт. Адамның бірнеше күн бойы дене қызуы көтерілген немесе тұмауратқан, аздап басы ауырған жағдайлар кездескен. Алайда мұның барлығы 3-4 күннің ішінде өтіп кетеді», - деді дәрігер.

Оның атап өтуінше, коронавирус инфекциясын қарсы вакцина алғаннан кейін спирттік ішімдік ішуге, саунаға баруға, бұрын дәмін татпаған азық-түлікті жеуге болмайды. Сонымен қатар жүрекке салмақ түсірмеу үшін күш қолданылатын спорт түрлерімен айналыспауға кеңес беріледі.


Соңғы жаңалықтар