Спорттық гимнастикадан жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпиондары анықталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматыда сенбі күні спорттық гимнастикадан жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионатының ақтық сыны өз мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ақпараттық-спорттық ХАБ-қа сілтеме жасап.

Еліміздің барлық өңірлерінен келген 70 қыз бен 55 ұл бір апта бойы жүлделі орындар мен Қазақстанның үздік гимнасты атағы үшін бақ сынады. Жасөспірім спорт шеберлері арасында алматылық Ербол Жантықов жеңімпаз атанса, алматылық Ильфат Имарджанов күміс жүлдені, қостанайлық Андрей Лунгул қола жүлдені иеленді.

«Жарыстан жағымды әсер алдым. Бұл бізге ірі, халықаралық ойындарға қатысуға көмектесіп, рухымызды биіктетеді. Қазір өз елімізде бақ сынадық, болашақта жаттығып, одан әрі дами түсеміз. Біздің қарсыластарымыз шымкенттік мықты спортшылар болды. Бірақ, біз негізінен өз арамызда, оңтүстік астана құрамасының спортшыларымен жарысып жатырмыз», - деп бөлісті спорт шебері, Алматы құрамасының мүшесі Ербол Жантықов.


Сондай-ақ, ұйымдастырушылар мен бапкерлер алматылық жеңімпаз Нариман Құрбановтың үздік нәтиже көрсеткенін атап өтті. Биыл ол әлемдік элементтер тіркеліміне кірген ерекше элемент жасады. Сондай-ақ, ол Әлем кубогы кезеңінде чемпион атанды.

Спорттық гимнастикадан Алматы федерациясының вице-президенті Махмуд Ескендіров атап өткендей, жарысқа ең мықты гимнасттар қатысқан.

«Біз қала құрамасына үздік спортшыларды жинап жатырмыз. Чемпионаттың қорытындысы бойынша, ондай үміткерлер бар деуге болады», - деді ол.

Жарыстың басты мақсаты - Алматыда спорттық гимнастиканы дамыту және дәріптеу, сондай-ақ мықты спортшыларды анықтау, спортшылардың техникалық-тактикалық шеберлігін өсіру және салауатты өмір салтын насихаттау.

Соңғы жаңалықтар