Спорттық гимнастика: Әлем біріншілігінде ел намысын кімдер қорғайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазанның 25-і мен қарашаның 3-і аралығында Катар астанасы Дохада спорттық гимнастикадан 48-ші әлем чемпионаты өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитетінің хабарлауынша, дүбірлі сынға әлемнің 56 елінен 500 спортшы қатысады деп күтілуде. Тап осы біріншілікте 2020 жылғы Токио Олимпиадасының алғашқы жолдамалары сарапқа салынады. Катарда ерлер арасында сегіз, әйелдер арасында алты медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Қазақстан командасының бас бапкері Александр Ким әлемдік сынға қатысатын гимнастика шеберлерінің есімдерін атады.

Дүбірлі додаға Милад Карими, Нариман Курбанов, Ербол Жантықов, Аким Мұсаев, Ілияс Азизов қатысады. Ал қыздар арасынан ел намысын Екатерина Чуйкина мен Аида Бауыржанова қорғамақ.

Ілияс Азизов, Ербол Жантықов пен Аким Мұсаев көпсайыста бақ сынаса, Нариман Курбанов өзінің оң жамбасына келетін ат снарядында жүлдеге таласады.

Милад Карими қол тіреп секіру, еркін және биік кермедегі жаттығуда сынға түседі.

Еске сала кетейік, аталған чемпионат келесі жылы Германияның Штутгарт қаласында өтетін әлем біріншілігіне іріктеу кезеңі саналады. Яғни, келесі әлем чемпионатына қатысу үшін біздің спортшылар үздік 24 команданың қатарына ену керек.

Осы әлемдік додада алғашқы үш орынды иеленген команда Токиодағы Олимпиада ойындарына тікелей жолдама алады. Ал қалған лицензиялар келесі жылғы чемпионатта және әлем кубогы кезеңдерінде сарапқа салынбақ.


Фото: www.olympic.kz

Соңғы жаңалықтар