Спортта жүрген арулар 8 наурызды қалай қарсы алады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Халықаралық әйелдер күні мерекесінде ақ жаулықты апалар, ардақты аналар, аяулы арулар жақын туыс-туғандары мен ағайын достарының қошаметіне бөленіп, түрлі сыйлықтарға ие болып жатады. Жалпы, 8 наурыз күнін көктемнің алғашқы мерекесі деп санап, ер адамдар нәзік жандарға гүл сыйлап, ерекше құрметке бөлеп, жылы сөздерін арнайды.

Біз бүгін қазақ спортының дамуына өз үлестерін қосып, ел намысын ерлермен тең дәрежеде қорғап, көк туымызды желбіретіп жүрген спортшы қыздарымыз бен бапкерлерімізді құттықтай отырып, әрқайсысына бірдей сұрақтар қойып, жылына бір келетін мерекелерін қалай қарсы алатынын сұрап білген едік.

Сұрақ:

8 мартты қалай қарсы аласыз?

Сізді ең алдымен кім құттықтайды?

Қандай сыйлық алғанды ұнатасыз?

Әлия ЖҮСІПОВА, көркем гимнастикадан ұлттық құраманың бас бапкері


- Мен өз басым осы 8 наурыз мерекесін негізінен жұмыста қарсы аламын. Бапкер болғаннан кейін мойыныңда елдің жүгі бар. Арқалаған міндетті абыроймен адал атқару керек. Бізде арнайы бекітілген жұмыс кестесі бар, сол кестеге сәйкес мереке күндері болса да еңбек етуге дайынбыз.

- Мені ең алдымен ата-анам, інім, сосын жұмыстағы әріптестеріммен шәкірттерім құттықтайды.

- Мен шіренген шендінің бірі емес, қарапайым жаттықтырушымын. Маған кім не сыйласа да, жүрегімен, таза пейілімен сыйласа кез келген сыйлық ұнайды. Мысалы, айта кетейін, менің өзім тәрбиелеп жатқан кішкентай шәкірттерім бір жапырақ ақ қағазға неше түрлі бояулармен суреттер салып, маған тарту етіп жатады. Міне, нағыз сыйлық деп мен осыны айтар едім. Себебі, кішкентай қыздар оны жүректерінен маған арнап, өз қолдарымен салды. Мен ондай сыйлықтарды ешқашан жоғалтқан емеспін. Үйіме апарып, жинап, сақтап жүремін.

Әсел Дәлиева, тоғызқұмалақтан 9 дүркін әлем чемпионы


- Мен әркез 8 наурыз мерекесін өзімнің ата-анам, ата-енеммен отбасымызда қарсы аламыз. Солармен бірге өткізгенді жақсы көремін.

- Тұрмысқа шыққаннан бері ең алдымен мені, әрине, күйеуім құттықтайды. Сосын ары қарай балаларым мен туыс-туғандарым, сосын дос-жарандарым құттықтайды.

- «Қандай сыйлық алғанды ұнатасыз» дейсіз бе? Әрине, бірінші кезекте гүл алғанды ұнатамын. Бірақ, әрқандай сыйлықтың өз ерекшелігі бар. Бастысы шын жүрегімен ұсынған сыйлықтың барлығын жақсы көремін.

Жазира Жаппарқұл, ауыр атлетикадан қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш Олимпиада ойындарының жүлдегері


- 8 наурыз мерекесін отбасымызбен бірге қарсы аламыз. Бұл мереке біз үшін, яғни әйелдер қауымы үшін ең үлкен мерекелердің бірі деп есептеймін. Сол үшін міндетті түрде атап өтеміз.

- Мені осы мерекеде ең алдымен Альфия деген жиенім құттықтайды. Ол тек 8 наурызда ғана емес, басқа да мерекелерде, спортта жеткен жетістіктерімнің барлығын бірінші болып құттықтайды. Өзге де туыстарым, дос-жарандарым жарысып, қоңырау шалып құттықтап жатады. Барлық құттықтаушыларыма алғыс айтамын.

- Сыйлықтың жаманы жоқ, үлкен спортта жүргеннен болар үлкен сыйлықтарды ұнатамын. Мысалы, машина, пәтер (күліп). Ал қыздардың ең сүйікті сыйлығы ол – гүл. Өз басым тірі, кәдімгідей үйде өсіруге арналған гүл сыйлаған адамдарды қатты жақсы көремін.

Феруза Ергешов, Таэквондошы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия біріншілігінің чемпионы, Азиада ойындарының күміс жүлдегері, көптеген халықаралық додалардың жеңімпазы, Лондон олимпиадасының қатысушысы


- 8 наурыз мерекесін негізінен отбасыммен қарсы аламын.

- Әрине, бұл мереке күні мені ең алдымен жан жолдасым, яғни күйеуім құттықтайды. Ары қарай туыс-туғандарым, дос-жарандарым бар.

- Мен үшін сыйлықтың ең үлкені — әрдайым отбасымыздың аман болғаны.


Соңғы жаңалықтар