Спортшылар Мемлекеттік Әнұранды білуге міндеттеледі - Заң жобасы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жаңа редакциядағы «Дене шынықтыру және спорт туралы» заң жобасына сәйкес, спортшыларға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын білу міндеттеледі. Бұл туралы Мәжiлiстiң жалпы отырысында мәлім болды.

ҚР Спорт және дене шынықтыру агенттiгiнiң төрағасы Тастанбек Есентаевтың айтуынша, дене шынықтыру және спорт туралы заңнаманы жаңа редакцияда дайындауға негізінен қазіргі заманғы үрдістерді, спорт саласына қойылатын талаптарды ескере отырып, жетілдіру мақсатынан туындаған. Бұл ретте агенттік әлемдік тәжірибені зерделеп, әсіресе бұқаралық спортты дамыту мәселелерін реттеудің басты қағидаттарына назар аударған. Осыған орай, заң жобасының негiзгi мақсаты дене шынықтыру мен спорттың тұрақты жүйесiн және осы салада тиiмдi мемлекеттiк басқаруды құруды қарастырады. Бұдан бөлек, мемлекеттiк және қоғамдық институттардың өзара бiрлескен iс-қимылдарын, допингтiк құралдарды пайдалануға қарсы әрекет және дене шынықтыру мен спорттық iс-шараларды ұйымдастыру және өткiзу тәртiбiн жүйелендiру бойынша құқықтық тетiктердi белгiлеу қарастырылады. Сонымен қатар, заң жобасында дене шынықтыру мен спорт саласындағы уәкілеттi органның құзыретi нақтыланады. Спорт федерацияларын аккредиттейтiн институт енгiзiліп, материалдық көмекті алу құқығы бар адамдардың - Паралимпиадалық және Сурдлимпиадалық ойындардың чемпионы атанған мүгедек спортшылардың тiзiмi кеңейтiлдi.

Бұдан бөлек, заң жобасы спортшыларға ҚР Мемлекеттiк Әнұранын бiлудi мiндеттейді. «Қазақстан құрама командаларын ірі спорттық шараларға дайындау мәселелері бойынша ұйымдастыру комитетін құруға қатысты Үкіметтің өкілеттігі кеңейіп отыр», - дейді Т. Есентаев.

Еске сала кетейік, жаңа редакциядағы заң жобасы бүгінгі палатаның жалпы отырысында бірінші оқылымда мақұлданды.

Соңғы жаңалықтар