Спорт саласын өркендетуге меценаттардың әлеуетін пайдалану қажет – Президент

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Спорт саласын өркендетуге мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тәсілін кеңінен қолдану керек. Бұл туралы VIII сайланған ҚР Парламентінің бірінші сессиясының отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазір салауатты өмір салтын насихаттап, бұқаралық спортты дамыту айрықша маңызды. Әсіресе, балалардың спортпен айналысуына жағдай жасау қажет. Мұның бәрі халықтың денсаулығын жақсартуға мүмкіндік береді. Мен бұл мәселе жөнінде Жолдауымда айттым. Мемлекет спорт инфрақұрылымын жетілдіруге көп көңіл бөледі. Елімізде 43 мыңнан астам спорт ғимараты бар. Олардың жартысынан көбі ауылдық жерде орналасқан. Бірақ, қарапайым және қолжетімді нысандар әлі де аз. Спорт ғимараттарының басым бөлігі мемлекет меншігінде. Оларды күтіп ұстауға бюджеттен қомақты қаржы бөлінеді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, спорт саласын өркендетуге жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, меценаттардың және жарнама берушілердің әлеуетін пайдалану қажет.

«Сондай-ақ, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тәсілін кеңінен қолдану керек. Бұқаралық спортты дамытуға тұрғындардың ынта білдіріп, белсенді атсалысуы маңызды. Мемлекет бұған барлық жағдайды жасауға тиіс», - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзіне қарағанда, бұқаралық спортты дамытуға, салауатты өмір салтын насихаттауға үлес қосып жүрген кәсіпкерлер мен басқа да азаматтар жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталады.

«Жалпы, бұл саладағы жұмыста көзбояушылық пен әміршілдік-әкімшілдік тәсілден бас тарту қажет. Үкімет пен әкімдіктер тиісті бағдарлама әзірлеп, шешім қабылдаған кезде осының бәрін ескеруі тиіс», - деді Президент.


Соңғы жаңалықтар