Спорт нысанында Универсиада-2017 Дирекциясының қызметкері қайтыс болды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 31 қаңтар күні сағат шамамен 21:00-де «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплиндер кешенінде Универсиада-2017 дирекциясының штаттық қызметкері, 1983 жылы туған Бауыржан Рафиков қайтыс болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.

«Жұмыс күнінің соңында қызметкеріміз кенеттен есінен танып құлады. Жанында болған адамдар оның есін жиғызуға тырысқан және нысанда кезекшілікте болған медициналық қызметкерді шақырған. Дәрігер алғашқы медициналық көмекті көрсетті. Жедел жәрдем бригадасы бірнеше минуттан кейін келді. 40 минут бойы реанимациялық шаралар жүргізілді, бірақ өкінішке орай, олар нәтиже бермеді. Жедел жәрдем дәрігерлерінің алдын ала қорытындысы бойынша, өлім жүрек-қан тамыры ақауынан болған. Бұл мен үшін үлкен күйзеліс, жеке өз атымнан және Дирекция атынан Бауыржан Рафиковтың туғандары мен жақындарына қайғыра көңіл айтамын. Оның егде жастағы анасы, әйелі мен екі баласы қалды. Қызметкерімізді ақтық сапарға шығарып салумен байланысты барлық шығындарды Дирекция өз мойнына алады. Оның отбасына ҚР еңбек заңнамасына сәйкес төлемдер беріледі сондай-ақ, материалдық көмек көрсетілетін болады», - деп атап өтті Универсиада-2017 Дирекциясының директоры Наиль Нуров.

Белгілі болғандай, оқиға орнына ІІД мен прокуратура қызметкерлері келді. Б.Рафиковтың өлімінің нақты себебін сот-медициналық сараптама анықтайтын болады. 

Айта кетейік, 30 қаңтар күні Алматыда өтіп жатқан Универсиада ойындарына қонақ ретінде келген FISU-дің құрметті мүшесі, жақын уақытқа дейін Финляндияның Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті болған Фину Ристониненнің жүрегі сыр беріп, ауруханаға жеткізілді. Оған ота жасалып, ол сәтті өтті. Наиль Нуровтың айтуынша, шетелдік мейман бірер күнде ауруханадан шығатын болады.

Сондай-ақ, Н.Нуров Универсиада аясында болған тағы бір оқиға туралы айтып берген еді. Қытай делегациясының мүшесі тауда жоғалып кеткендігі туралы хабар түскен. Оны іздеп-табуға барлық құтқару қызметі жұмылдырылған. Бірақ кейін анықталғандай, қытайлық қонақ төменге түсіп, бөлмеде жылынып отырған. 

Соңғы жаңалықтар