Спорт министрлігі «Сарыарқа» велотрегіне қатысты түсініктеме берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мәдениет және спорт министрлігі «Сарыарқа» велотрегін жедел басқаруға беру мәселесі бойынша түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның сайтына сілтеме жасап.

«2021 жылы ақпан айында «Қазақстандық велосипед спорты федерациясы» ҚБ Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы» Заңына сәйкес министрлікке «Сарыарқа» республикалық велотрегі негізінде UCI халықаралық спутник орталығын құру және балалар спортын дамыту орталығын ашу» мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын жолдады. МЖӘ қағидаттарының бірі теңгерімділік қағидаты – мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру процесінде мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптес арасында міндеттерді, кепілдіктерді, тәуекелдер мен кірістерді өзара тиімді бөлу», делінген хабарламада.

Ведомствоның мәліметінше, Ұлттық экономика министрі м.а. «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын жоспарлаудың және іске асырудың кейбір мәселелері туралы» 2015 жылғы 25 қарашадағы № 725 бұйрығына сәйкес «Қазақстандық велосипед спорты федерациясы» ҚБ жобалық құжаттамаға сараптама жүргізу және МЖӘ келісім шарттарын талқылау бойынша тікелей келіссөздердің қатысушысы деп танылған.

«Қазіргі таңда тікелей келіссөздер процесі жүріп жатыр, сонымен қатар жеке серіктеске талаптар қойылады және есептеулер талданады. МЖӘ механизмі шеңберінде объектіні жеке меншікке иеліктен шығару құқығынсыз тек ғимаратты жедел басқаруға ғана беріледі. Ал барлық спорт компоненттері, олардың ішінде 17 жазғы олимпиадалық спорт түрінен спортшылар дайындықты жүзеге асыратын Олимпиадалық даярлау орталығы бұрынғыдай министрліктің қарауында қалады. Жобаны жүзеге асыру барысында Олимпиадалық даярлау орталығының спортшылары аталған объектіге кедергісіз кіре алатындығын атап өткен жөн, ол өз кезегінде олимпиадалық резервтің дайындалуына кері әсерін тигізбейді», делінген министрліктің хабарламасында.

Ведомствоның мәліметінше, жоба «Сарыарқа» республикалық велотрегі негізінде UCI халықаралық спутник орталығын құрып және балалар спортын дамыту орталығын ашады.

«Жеке серіктес UCI халықаралық спутник орталығын құру бойынша және спортшылар мен жаттықтырушы-оқытушылар құрамын дайындау және біліктіліктерін арттыру бойынша халықаралық аккредиттеуді алу және балаларға арналған халықаралық білім беру бағдарламаларын енгізумен бірге балалар спортын дамыту орталығын құру бойынша қызмет көрсететін болады. Сонымен қатар, әлеуметтік бағытталған аталған МЖӘ жобасы аясында аз қамтылған және көп балалы отбасыдан шыққан, мүгедек және жетім балалар үшін тегін секциялар қарастырылған», делінген хабарламада.

Сондай-ақ, паравелоспорттың дамуына ерекше көңіл бөлінбек.

«Осылайша Қазақстандық велосипед спорты федерациясы Ұлттық параолимпиадалық комитетінің тануына ие болып, аталмыш бағытты Қазақстанда қосымша дамытады. Жеке серіктес мақсатына сәйкес жоба шеңберінде қазақстанның спортшыларынан ғана құрылған Nur-Sultan Cycling Team тректегі велосипед командасына қолдау көрсетіледі. Балалар спортын дамыту орталығымен қоса , тректен ұлттық велокоманданың болуы жас ұрпақтың велосипед спортына қызуғышылығын арттыра отырып, балалар үшін қолайлы ортаны жасайды. МЖӘ келісім шарттарының мерзімі аяқталғаннан кейін, жеке серіктес, МЖӘ туралы келісім шарттарына сәйкес, объектіні мемлекеттік серіктеске тиісті техникалық жағдайда қайтаруға міндетті», делінген хабарламада.

Ведомствоның түсіндіруінше, спорт саласында МЖӘ спорт инфрақұрылымын жаңарту және жақсарту үшін, жеке серіктестерден инвестицияларды тартуға бағытталғанын ескеру қажет. Спорт объектілерін жеке құрылымдарға беру бойынша жобалар да аталған мақсатты көздейді.


Соңғы жаңалықтар