Спорт мен үшін үнемі алғашқы орында - Tartyl Fest турнирінің астаналық финалисі

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – 18 жасар астаналық Даниил Ещенко 11-сыныпта оқиды. Ол Tartyl Fest республикалық турнирінің гранд-финалына қатысады. Осы орайда жас спортшы турнирдің ақтық сынына дайындық барысы туралы ҚазАқпарат тілшісіне айтып берген еді.

«Дайындық қызу жүріп жатыр, жоғары нәтиже көрсету үшін бар күшімді салудамын. Жеке жаттықтырушым маған серпін беріп, үміт ұялатады. Гранд-финалда жақсы нәтиже көрсетемін деп ойлаймын», - дейді Даниил.

Өткен жылы елордада өткен Tartyl Fest турнирінің финалында Даниил өз санаты бойынша (18 жасқа және 55 келіге дейін) бірінші орын иеленді.

«Шынымды айтайын, бірінші орын аламын деп ойламадым. Турнирге спортқа қызыққандықтан барғам, қатысқаныма өкінбеймін. Турникке 30 рет тартылдым. Алдын ала соншалықты дайындалған жоқпын. Шамамен үшінші орын алсам деп үміттеніп барғам», - дейді бозбала.


Сондай-ақ, астаналық Tartyl Fest турнирінің ақтық сынында барын салатынын жеткізді.

«Гранд-финалда қарсыластарым жете алмаған нәтижені көрсететін боламын», - деді Даниил.

Айтуынша, елордалық оқушы бұрын аралас ММА күресімен айналысқан.

«Көшіп қонудан бокс пен күресті қоюға тура келді. Оларды жаттығу залына ауыстырдым», - дейді ол.

Жас спортшының мәлімдеуінше, Tartyl Fest секілді іс-шараны ұйымдастыру спорттық тұрғыдан ғана емес материалдық жағынан да пайдасы бар.

«Tartyl Fest – өте жақсы жоба. Адамдарға көңіл күй сыйлайды, ақшалай сыйақы беріледі. Ол қаржыға біреу несиесін жабуы мүмкін немесе жақындарына көмектесе алады. Бұл Tartyl Fest –тің арқасы. Сонымен қатар бұқаралық спортты дамытуда пайдасы мол», - деп түсіндіріп өтті Д. Ещенко.


Даниил мектепті бітірген соң стоматолог мамандығын меңгеруді жоспарлап отыр.

«Спортты алдыңғы орына оқу жағынан кішкене проблема бар. Спорт – қазір мен үшін басты орында, тастағым келмейді. Болашақ мамандығыма келсем, стоматолог болу жоспарым бар, болмаса спорт саласына барамын. Спортты бала күнімнен ұнатамын. Спорт мен үшін үнемі алғашқы орында», - дейді астаналық жас спортшы.

Еске салайық, 18 ақпан күні елордада Tartyl Fest республикалық турнирінің гранд-финалы өтеді.

Жарысты ҚР Президенті жанындағы «DARA» таланттарды қолдау қорының бастамасымен ұйымдастырды.

Жоба идеясын белгілі қазақстандық продюсер Нұрлан Қоянбаев ұсынған, ал жобаның бренд-елшісі – «Street Workout» бойынша рекордсмен Айтым Жақыпов.

Гранд-финалға өңірлік іріктеу жарыстарында үздік нәтиже көрсеткен 170 спортшы қатысады. Қатысушылардың жасы – 14-51 аралығында.


Соңғы жаңалықтар