Спорт мемлекеттер мен халықтардың достығын нығайтып, жақындастыра түседі – Тоқаев

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Спорт шекара талғамайды, мемлекеттер мен халықтардың достығын нығайтып, жақындастыра түседі. Кеше Астанада ашылған жабық алаңдағы жеңіл атлетикадан Х Азия чемпионатының қатысушыларына жолдаған хатында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мемлекет басшысының құттықтау хатын Премьер-Министр Әлихан Смайылов оқып берді.

«Спорт шекара талғамайды, мемлекеттер мен халықтардың достығын нығайтып, жақындастыра түседі. Қазақстан спорт саласына айрықша мән береді. Елімізде азаматтардың кәсіби және бұқаралық спортпен айналысуы үшін барлық жағдай жасалған. Бұл саланың инфрақұрылымын дамытуға көп көңіл бөлінеді. 6 мыңнан астам адам сиятын Жеңіл атлетика кешені – осының айқын дәлелі.

Қазақстан спортшылары көптеген дүбірлі додада топ жарып, ел абыройын асқақтатып жүр. Олар өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болып, жастарды жарқын жеңістерге бастайды. Азия біріншілігінің Астана төрінде өтуі елімізде жеңіл атлетиканы дамытуға тың серпін береді деп сенемін. Біз осы саладағы халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты нығайта түсеміз. Баршаңызға зор денсаулық, толағай табыс тілеймін!», — делінген Мемлекет басшысының құттықтау сөзінде.


Өз кезегінде Әлихан Смайылов барлық спортшыға сәтті өнер көрсетуді, ал Қазақстан ұлттық құрамасына жеңіс тұғырына көтерілуді тіледі.

Премьер-Министр Азия жеңіл атлетика қауымдастығының президенті Дахлан Әл-Хамадқа жарысты ұйымдастыруға және өткізуге қолдау көрсеткені үшін ерекше алғысын білдірді.

Айта кетейік, жабық алаңдағы жеңіл атлетикадан Азия чемпионаты ТМД елдерінің аумағында алғаш рет өткізіліп отыр.

«Qazaqstan» спорт кешенінде басталған турнирге 31 елден 500-ден астам спортшы қатысуда. Олар жүгіру, эстафеталық жүгіру, ұзындыққа секіру, биікке секіру, үш рет секіру, сырықпен секіру, ядро лақтыру және көпсайыс сияқты жарыс түрлері бойынша 26 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Қазақстан ұлттық құрамасы сапында 69 спортшы бар.

Халықаралық жарыс 10-12 ақпан аралығында өтеді.

Айта кетейік, аталған турнирдің алғашқы дисциплиналарында Қазақстан құрамасына екі медаль бұйырды.
Соңғы жаңалықтар