Спорт мамандары үшін біліктілік талаптары өзгереді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Спорт мамандары үшін біліктілік талаптары өзгереді. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биылдан бастап мектеп-интернаттардың жаттықтырушы-оқытушыларына санаттар үшін олардың біліктілігіне байланысты 6 мыңнан 22 мың теңгеге дейін үстемеақы енгізілді. Жетекші диетолгтермен және нутрициологтермен бірге республикалық барлық мектеп-интернаттар үшін спорт түрлерінің ерекшеліктері, жүктеме, жұмсалатын килокалорий ескеріле отырып, жас спортшыларға бірыңғай ас мәзірі әзірленді. Үш кәсіп бойынша спорт саласындағы кәсіби стандарт бекітілді және жылдың соңына дейін 8 кәсіп бойынша стандарт әзірленеді», - деді ол министрліктің кеңейтілген алқа отырысында.

Сонымен қатар министр жылдың соңына дейін сала мамандары үшін халықаралық тәжірибе ескеріле отырып, біліктілік талаптары өзгертілетінін айтты.

«Бұған қоса, жаттықтырушы-оқытушыларға топқа жетекшілік жасағаны және спортшыны жоғары спорттық ұйымдарға бергені, сондай-ақ спорттық атақтар үшін үстемеақылардың жаңа түрлерін енгізуді жоспарлап отырмыз. Сала қызметкерлерін әлеуметтік қолдау іс-шаралары бойынша ұсыныстарды жылдың соңына дейін мүдделі мемлекеттік органдармен пысықтауды тапсырамын», - деді Асхат Оралов.


Соңғы жаңалықтар