Спорт күні қарсаңында сала қызметкерлері марапатталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Тамыз айының үшінші жексенбісінде Қазақстанда спорт күні аталып өтеді. Кәсіби мереке қарсаңында Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев сала қызметкерлерін марапаттап, олардың салауатты өмір салтын дамытуға және насихаттауға қосқан зор үлесін атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Біздің елімізде спорт әр түрлі жастағы, ұлт пен кәсіптегі көптеген адамдардың басын біріктіреді. Спортта әлеуметтік мәртебеге немесе географияға ешқандай шектеулер жоқ. Шынтуайтына келгенде, спорт маңызды адами құндылықтарға ие және де спорт жалпы ұлттың физикалық денсаулығын нығайтуға ықпал етеді. Жылдан-жылға спорт қауымдастықтары мен секцияларының саны артып, спортпен үнемі айналысатын азаматтардың саны артып келеді. Әрине, бұл жерде жаттықтырушылардың, төрешілердің және спорт менеджерлерінің еңбегі зор. Мұның бәрі олардың таңдаған мамандығына деген ынтасы мен адалдығына тікелей байланысты», - деді Дәурен Абаев.

Салтанатты іс-шара олимпиада резервінің облыстық және республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледждерінің жұмысы мәселелері жөніндегі кеңес шеңберінде өтті.

«Қазір мектеп-интернат-колледждерде таяу жылдары өтетін ірі жарыстарда ел намысын қорғайтындар оқып жүр. Бір сөзбен айтқанда, Сіздер Қазақстанның спорт элитасын дайындап жатырсыздар. Бірақ өкінішке қарай, дайындаған шәкірттердің қазіргі нәтижелері алаңдаушылық тудырады. Көптеген параметрлер бойынша бірқатар мектеп-колледж-интернаттардың көрсеткіштері кәдімгі спорт мектептерінен төмен. Бұл жаттығу процесінде, психологиялық даярлықта, оқыту әдіснамасында олқылықтардың бар екенін білдіреді», - деді министр.

Оның айтуынша, мектептердегі кадр мәселесіне ерекше назар аудару қажет. Мектеп-интернат-колледждерде үздік жаттықтырушылар мен әдіскерлер жұмыс істеуі тиіс.

Министр мектеп-интернат-колледждерге оқушыларды қабылдау кезінде бақылауды күшейтуді, жоғары сынып және колледж спортшыларының нәтижелеріне жүйелі талдау жасауды, сондай-ақ қаржылық жағдай мен білікті мамандардың болуын ескере отырып, спорт түрлерін оңтайландыруды қарастыруды тапсырды.


Фото: ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі




Соңғы жаңалықтар